Фото: gov.kz
Жоғарғы Сот кеңесі Нұр-Сұлтан қаласы сотының төрағасы лауазымына кандидаттарды қарауға қатысты ұсыныстар әлі түспегенін хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Бүгінге дейін Жоғарғы Сот кеңесіне Жоғарғы Сот төрағасынан Нұр-Сұлтан қаласы сотының төрағасы лауазымына кандидаттарды қарау туралы ұсыныс түскен жоқ", - деп жауап берді Жоғарғы Сот кеңесі өкілдері.
Ведомство мәліметінше, Тілектес Бәрпібаев Президенттің 2 маусымдағы жарлығына сәйкес отставкаға кетуіне байланысты елорда сотының төрағасы қызметінен босатылған.
"Отставка - бұл заңнамада қарастырылған сот өкілетін тоқтатудың негіздерінің бірі. "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Конституциялық заңның 35-бабына сәйкес мінсіз беделі, кемінде жиырма жыл судьялық жұмыс өтілі бар судьяның судья атағын, судьялар қоғамдастығына жататынын, жеке басына тиіспеушілік кепілдігін және өзге де материалдық және мүліктік кепілдігін сақтай отырып, лауазымынан құрметпен кету нысанында судья өкілетінің тоқтатылуы отставка саналады. Судьяны орнынан түсуі түріндегі қызметінен босату судьяның отставкаға кету туралы жазбаша өтініші бойынша жүзеге асырылады. Судьяның отставкаға кету құқығын растау мәселесі Жоғарғы Сот жанындағы сот төрелігін жүзеге асыру сапасы жөніндегі комиссияда қаралып жатыр", - деп толықтырды Жоғарғы Сот кеңесі өкілдері.