20 нау, 2026 сағат 10:51

Лудоманияға тәуелді шенеуніктер: Екібастұзда әкімдік қызметкерлерінің заң бұзғаны белгілі болды


Фото: egemen.kz


Екібастұзда бірқатар мемлекеттік қызметшінің букмекерлік кеңселерде белсенді шоттары болғаны анықталды, деп хабарлайды Ult.kz.


Қала прокуратурасының мәліметінше, олардың кейбірінің шот айналымы миллиондаған теңгеге жеткен. Тексеру барысында әкімдік қызметкерлерінің қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны белгілі болды.


Атап айтқанда, лауазымды тұлғалар заңнамалық тыйымға қарамастан букмекерлік кеңселерде белсенді шоттар ашып, бәс тігіп отырған.


Мәселен, ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісінің жеке шоты бойынша айналым 6,8 миллион теңгені құраған.


Ұқсас заң бұзушылықтар ауылдық округ әкімі, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысының орынбасары және қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс істейтін тағы жеті қызметкер тарапынан да анықталған.


Прокуратураның хабарлауынша, қызметтік тексеру нәтижелері бойынша барлық материалдар Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесіне жолданған.


Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп нормаларының сақталуына тиісті деңгейде бақылау жүргізбегені үшін қала әкімі аппаратының жауапты басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылған.