Фото: Polisia.kz
Өткен жылы 22 мыңнан астам адам Қазақстан азаматтығын алды. Бұл туралы ІІМ-нің апталық брифингінде айтылды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
"Жыл сайын 20 мыңға жуық тілек білдіруші ел азаматтығын алу мәселесі бойынша жүгінеді. Тәуелсіздік жылдары бір миллионнан астам адам Қазақстан азаматтығын алды. Ал өткен жылы – 22 мың, оның ішінде ҚР Президентінің Жарлығымен – 1375, жеңілдетілген тәртіппен – 20 мыңнан астам адам азаматтыққа қол жеткізді.
Оның ішінде: 17,5 мыңнан астамы қандас (17 676), Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей арасындағы азаматтыққа қабылдаудың жеңілдетілген тәртібі туралы келісім бойынша – 1287, тұрмысқа шыққан әйелдің азаматтығы туралы Конвенция бойынша – 1777" - делінген хабарламада.
ІІМ БҰҰ БЖКБ-ның Қазақстандағы өкілдігімен және ҮЕҰ-мен бірлесіп, екі жыл ішінде құжатсыз, сондай-ақ азаматтығы белгісіз адамдарды анықтау және тіркеу бойынша кең ауқымды акция өткізген.
Акция нәтижесінде азаматтығы жоқ, құжаттары жоқ 8 мыңнан астам адам анықталған. Оның ішінде 5 мың адам Қазақстан азаматтығына жататынын растап, жеке куәліктері рәсімделген. 3 мыңнан астамына азаматтығы жоқ адамның куәлігі берілді.
Айта кету керек, Қазақстан қос азаматтықты мойындамайды, сондықтан мұндай фактілерді анықтау бойынша жұмыс ерекше бақылауда. Заңнамада еліміздің азаматтығынан айырылған адамның Қазақстан азаматының төлқұжатын немесе жеке куәлігін пайдаланғаны, сондай-ақ заңда белгіленген адамдарға хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Қос азаматтығы бар фактіні жасырғаны үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу не ҚР шекарасынан шығару қарастырылған.
Ведомство еліміздің азаматтығынан айырылған азаматтың Қазақстан азаматының төлқұжатын немесе жеке куәлігін пайдаланғаны, сондай-ақ заңда белгіленген адамдарға хабарламағаны үшін заңнамада әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
"Мәселен, өткен жылы қос азаматтығы үшін 841 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, соттардың шешімдерімен 138 адам елден шығарылды, қалғандарына айыппұл салынды.
Соңғы бес жылда азаматтық туралы заңнаманы бұзған 3515 адам жауапқа тартылды, оның 3 мыңнан астамына айыппұл салынды, 473-і елден шығарылды. Барлығының қазақстандық азаматтығы жойылды.
Биыл қос азаматтық фактілерінің алдын алу үшін екінші азаматтығын жасырғандарға жауапкершілікті қатаңдату үшін заңнамалық актілерге түзетулер енгізу жоспарланып отыр.
Өзге азаматтықты қабылдау кезінде зардаптардың болмауын қамтамасыз ету мақсатында басқа елдерге кеткен және өзге де азаматтықты қабылдаған Қазақстанның бұрынғы азаматтары 30 тәулік ішінде азаматтығын жоғалтуды тіркеу үшін Қазақстанның консулдық мекемесіне жүгінуі қажет" - делінген хабарламада.