Жол-көлік оқиғасынан қаза болған жүргізушінің ұялы телефонын ұрлаған екі полицей сотталды. Жезқазған қалалық соты ұрлық, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және алаяқтық жасады деген айыппен ұсталған бұрынғы тәртіп сақшыларына үкім шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Өткен жылдың көктемінде Жергілікті полиция басқармасының екі криминалисті жол апаты болған Жезқазған – Сәтбаев жолына шақыртылған. Оқиға орнында полиция қызметкерлері қаза тапқан жүргізушінің ұялы телефонын тауып алған. Оны заттай дәлел ретінде тапсырудың орнына полицей телефонды алып кеткен. Кейін мобильдік қосымша арқылы телефон иесінің атына микрокредиттер ресімдеген. Соңыра шотқа түскен ақшаны досының картасына аударған.
Біраз уақыттан кейін олардың алаяқтық әрекеті анықталды. Күдіктілер прокурормен іс жүргізу келісімін жасап, өз кінәсін толық мойындады. Жезқазған қалалық соты оларды 3,6 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды. Сондай-ақ, сот оларды арнаулы атағынан айырды.
«Баяндалғанды негізге ала отырып, сот сотталушыларды кінәлі деп таныды және бірінші сотталушыға 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады. Бұл ретте ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан, сондай-ақ полиция лейтенанты арнаулы атағынан айырылды. Екінші сотталушыға полиция аға лейтенанты арнаулы атағынан айыра отырып, 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді», - деді Жезқазған қалалық сотының баспасөз қызметі.