12 там, 2022 сағат 17:58

Жергілікті атқарушы органдар грантына құжат қабылдау жүріп жатыр


Жергілікті атқарушы органдардың білім беру гранттарына құжат қабылдау мерзімі 10 тамызда басталды. Өтініштерді жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары қарайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктен немесе олардың ресми сайтынан алуға болады.

"Жыл сайын мамандарды мақсатты даярлауға жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) бюджетінен білім беру гранттары бөлінеді. Әкімдіктердің гранттары конкурстық негізде тағайындалады. Бұл ретте халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын талапкерлерге ерекше көңіл бөлінеді.

Еліміз бойынша жергілікті атқарушы органдар 3 мыңға жуық грант бөлді. Негізінен, әкімдіктерге педагогтер, медицина қызметкерлері және ауыл шаруашылық саласының мамандары қажет", - делінген хабарламада.

Биыл елорда әкімдігі бакалавриат деңгейі бойынша мамандарды даярлауға ең көп тапсырыс берген.

"Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі педагогикалық және медициналық мамандықтар үшін 1200-ге жуық грант бөлді. Шығыс Қазақстан облысы Абай облысымен бірлесіп 450 грант, Ақмола облысы 229 грант тағайындады.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын тойлауға орай Қостанай облысының әкімдігі Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде оқуға 15 грант бөлді. Өнер саласының мамандарын даярлауға тек Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі грант бөліп отыр, оларжергілікті бюджет есебінен 15 маман оқытуға дайын", - деді министрлік өкілдері.

Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімдіктері биыл бакалавриатта мамандарды оқытуға тапсырыс жасамаған. Алматы және Павлодар облысының әкімдіктері өңірдің жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білімі бар мамандарды даярлауға қажеттілігін ескере отырып, облыстық бюджет қаражатынан тек магистратура мен резидентураның білім беру бағдарламалары бойынша гранттар бөледі.

Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына келесі құжаттарды тапсырады:

  • білімі туралы құжат;
  • ҰБТ сертификаты;
  • жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
  • жеңілдік санатын растайтын құжаттар.

"Грантты тағайындау туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызға дейін жүргізіледі", - делінген хабарламада.