04 мам, 2022 сағат 15:15

Жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған 52 келісімшарт күшін жойды


Жер қойнауын пайдалануға берілген бүкіл келісімшарт пен лицензияларға талдау жасалды. Оның нәтижесі туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалану саласында 499 келісімшарт және 1 738 лицензия іске асырылуда. Президент тапсырмасына сәйкес қазір бүкіл кен орнын тексеріп жатырмыз. Жер қойнауын пайдалануға бұрын-соңды берілген қолданыстағы барлық келісімшарт пен лицензияларға талдау жасалды. Бұл - 2 мыңнан астам құжат», - деді Қайырбек Өскенбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, министрлік қатты пайдалы қазбалар бойынша 202 келісімшартты қараған. 

Нәтижесінде 52 келісімшарт заңды күшін жойып, бұзушылықтарды жою туралы 43 хабарлама жіберілді.

«Осылайша, 118 лицензия тоқтатылды. Талдау қорытындысы негізінде қолданыстағы 1620 лицензия бойынша тиісті шаралар қабылданады. Міндеттемені орындау көрсеткіші 100 пайыздан төмен жер қойнауын пайдаланушылар тексеріледі», - деді Өскенбаев.