31 қаз, 2019 сағат 12:08

Жемқорларды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынбақ

Қазақстанда жемқорлардың түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуына тыйым салынбақ. Бұл туралы бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жоғарғы соттың сот корпусын »тазалау« мәселесіндегі белсенділігін ескере отырып біз бірлескен күш-жігерімізбен фемида қызметкерлерін әшкерелейміз. Осы жылдың өзінде бесеуі сотталды. Осыған орай, агенттік құқық қорғау органдары қызметкерлері мен судьялардың жемқорлық үшін жауапкершілігін күшейтуге бастамашылық жасады. Сонымен қатар, ауыр және аса ауыр жемқорлық қылмыстар бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға шектеу ұсынылды», - деді агенттік төрағасы.

А.Шпекбаевтың айтуынша, соңғы үш жылда кешенді алдын-алу шараларының нәтижесінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың саны 14 пайызға азайған. Қылмыстың негізгі бөлігі – парақорлық (850), ұрлық (714) және билікті асыра пайдалану (224) фактілері. Жыл басынан бері 1028 тұлға әшкерленді, оның 23-і республикалық және 86-ы облыстық деңгейдегі басшылар.

«Келтірілген залалдың мөлшері едәуір артты – 23,2 млрд теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге көп. Оның 94 пайызы өтелді», - деді А.Шпекбаев.