05 ақп, 2022 сағат 14:38

Желіде қаңтардағы оқиғалар кезінде түсірілген жаңа видео тарады


Әлеуметтік желіде қаңтардағы оқиғалар кезіндегі бұзақылардың дүкендерді қиратып, тонап жатқан сәті түсірілген видео пайда болды, деп хабарлайды ҚазАпарат.

Кадрда бұзақылардың автомобиль тросы арқылы дүкендердің есігі мен терезесін бұзып, сауда орталығына кіріп жатқаны бейнеленген. Сондай-ақ, зергерлік және басқа да бөлімдерді қиратып жатқаны түсіп қалған. Айта кетейік, ІІМ-дегі қаңтардағы оқиғаларға қатысты өндірістегі істердің басым бөлігін ұрлық пен тонау құрайды. Осы іске қатысы барларды видеокамераларға талдау жасау арқылы анықтап жатыр. 

Еске салайық, 1 қаңтарда Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сағат 17:20-да қала әкімдігінің алдында тұрғындар жиналды. Олар ел басшылығына видеоүндеу жасап, сұйылтылған газ бағасын түсіруді сұрады. 

Сол күні сағат 18:00-де адамдар тарады. Содан кейін 2 қаңтарда наразылық білдірушілер саны бірнеше жүздеген адамға артты, ал акцияға қатысушылар ішкі жолды жапты. Құқық қорғау органдары күш қолданған жоқ. 

3 қаңтардан бастап наразылық білдірушілер басқа қалаларда және өңірлерде шыға бастады. Сол күні Маңғыстау облысының тұрғындарын қолдау мақсатында басқа жеті өңірде - Атырау, Ақтөбе облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, БҚО, Алматы облысы мен ШҚО-да «бейбіт» митингтер басталды. 

4 қаңтарда митингілер жалғасты, ал оған қолдау білдірген өңірлер саны 11-ге жетті. Қатысушылар саны 37 мың адамға дейін өсті. Алматы мен Шымкентте қарулы шабуылдар жасалды.