Атақты "Гарри Поттер" романының авторы, британ жазушысы Джоан Роулинг өзін мысалға келтірген Ресей президенті Владимир Путиннің айтқанына жауап берді. Осы аптада мәдениет және өнер қайраткерлерімен кездесу кезінде Путин "жуырда ғана балалар жазушысы Джоан Роулингті де гендерлік еркіндікті жақтаушылар ұнатпай қалып, "жоққа шығарды". Ал бүгін мың жыл тарихы бар мемлекетімізді, халқымызды жоққа шығаруға тырысып жатыр" деген еді.
Джоан Роулинг Твиттер желісінде өзін мысалға келтірген Ресей президентінің сөзін сынады.
"Бейбіт халықты қарсыласқаны үшін өлтіріп, саяси оппоненттеріне у беріп, түрмеге тыққан адамның Батыс мәдениетін жоққа шығарумен айналыспағаны дұрыс деп ойлаймын" деп жазды Роулинг.
Жазушы жазбасына ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың суретін де тіркеп қойған.
- 2020 жылы Роулинг әлеуметтік желіде әсіресолшыл белсенділер трансфобия деп бағалаған сөзі үшін сынға ұшыраған. Дау қызған шақта әлеуметтік желіде #RIPJKRowling (Джоан Роулинг, қош бол) атты хештег тараған. Жазушының жақтастары Роулингтің "мәдениетті жоққа шығару" (cancel culture) құбылысына кезіккенін айтқан.