24 мам, 2021 сағат 18:34

Жазғы мектептегі жұмысы үшін ешбір мұғалімге қосымша үстемеақы төленбейді - БҒМ


Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі орта білім беру комитетінің төрағасы Майра Мелдебекова жазғы сабақтар үшін мұғалімдерге үстемеақы неге төленбейтінін түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жалпы жаздың үш айына 90 күн келетін болса, соның 56 күнінде ғана мұғалімдер демалады. Бұл - бұрыннан бері келе жатқан формат. Қалған күндері педагог мектепте болып, қалыпты жұмыс істейді. Жазғы мектептегі жұмысы үшін ешбір мұғалімге қосымша үстемеақы төленбейді. Бұған дейін жаздағы жұмыс күндері үшін қандай айлық алып жүрген болса, сол мөлшер сақталады. 

Пандемияға дейін де мұғалімдер жазғы каникулден тыс күндері жұмыс жоспарларын пысықтап, методикалық жұмысты тәртіпке келтіретін. Осы жұмыстардың аясында биыл олар өткен оқу жылының олқылықтарын толтырады. Сондықтан қосымша ақы төленбейді», - деді Майра Мелдебекова БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.