Утилизацилық алым операторы - "Жасыл Даму" АҚ басшысы Жанат Самат қызметінен кетті. Ақпаратты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Қоғаммен байланыс департаменті директоры Олжас Беркінбаев растады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Кешеден бері басқа жұмысқа ауысуына байланысты Жанат Саматқызы "Жасыл даму" АҚ басқарма төрағасы қызметінен кетті", - деді Беркінбаев.
Ол бұл қызметке биыл 1 ақпанда тағайындалған болатын.
Айта кетейік, "Жасыл даму"АҚ бұрын "Оператор РОП" ЖШС болған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев компанияны сынағаннан кейін үлесі мемлекетке қайтарылған болатын. Атауы да өзгерді. Сондай-ақ, утилизациялық алымды қысқартуға тапсырма берілген.
Кейінірек Үкіметтің шешімімен Қазақстанда утилизациялық алым екі есе қысқартылды. Алайда жаңа тарифтер әлі бекітілген жоқ.