ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов оқуға түскен және жас баласы бар жастарды әскерге шақыру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кез келген азаматтың қасиетті парызы – мемлекетті қорғау. Ер азамат 18 жасқа толғаннан кейін әскери борышын өтеуі қажет. Бұл талап міндеттелмейтін жайттар бар. Мерзімін кейінге қалдыру шешімін жергілікті әскери комиссариат қабылдайды. Бізде жастардың әскер қатарынан бой тасалауы өте көп кездеседі. Алайда заң бәрімізге ортақ», - деді министрі Мәжілістің кулуарында.
Оның айтуынша, егер әскерге жасы толған азаматтың қолында жоғары оқу орнына түскені туралы анықтама болса, борышын өтеу мерзімі кейінге қалады.
«Егер жас азамат атына әскерге шақырту қағазы келсе, оқуға түскені туралы құжатын жергілікті әскери басқару органдарына уақытында бермеген деген сөз. Бар болғаны осы. Егер әскери борышты кейінге қалдыруға құқыңыз болса, тиісті құжатыңызды өткізіңіз. Соның негізінде кейінге қаласыз. Жас болсаңыз да, оқуға түссеңіз де, осылай уақытында құжат тапсырыңыз. Біз құжатты уақытында бергеннің орнында қашқақтап жүріп аламыз», - деді Руслан Жақсылықов.
Сондай-ақ ол әскер қатарына шақырушылар тарапынан да заң бұзу фактісі болуы мүмкін екенін мойындады.
«Мен ондай жайттың болу мүмкіндігін жоққа шығармаймын. Жастардан жоғары оқу орнына түсіп, ҰБТ тапсырып, құжаттарын оқуға өткізіп қойса да, әскерге шақырылғаны туралы өтініштер көп түседі. Өйткені олар жергілікті әкери басқарма органдарына тиісті құжаттарды уақытын өткізбейді. Тиісті анықтама беріңіздер, біз мерзімді кейінге шегеру мүмкіндігін береміз», - деді министр.