24 ақп, 2021 сағат 16:08

Жарасбай Сүлейменов: Мемлекеттік тіл мәселесі – ардың ісі

 

Мемлекеттік тілді дамыту үшін атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес. Қажет қаржы да бөлінді, тиісті жұмыстар да жүріп жатыр. Бірақ, әлі де шешілуі тиіс мәселелер жеткілікті. Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында бұл тақырыпқа кеңінен тоқталғаны баршаға мәлім. Қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовпен әңгімелесіп, мемлекеттік тіл төңірегіндегі ойын білген едік.

– Жарасбай Қабдоллаұлы, Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында ұлттық мүдде, мемлекетшілдік мәселесі кеңінен айтылған. Жалпы, осы мақалаға қатысты пікіріңізді білдірсеңіз.

– Осы уақытқа дейін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың « Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласына қызығушылық танытып, пікір білдіргендер аз болған жоқ. Жазушының баласының ойы мен қаламынан туған еңбекті мен де ықылас қоя оқып шықтым. Өз басым мақала деуге қимай, бағдарламалық сипаты басым кесек дүние деп бағалап отырмын. Мемлекет басшысы халқына ұсынған жаңа еңбегінде еліміздің тарих тұрғысынан алғанда, көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт – отыз жылда ауыз толтырып айтарлықтай  бірталай игіліктерге олжа салғанын, қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін деректер мен дәйектерді молынан келтірген. 

Иә, өткен кезеңнің ауыртпалықтары аз болған жоқ. Сол сындардың бәрінен сүрінбей өттік, мұратымызға жеттік. Шыққан биігімізді бағалар, қол жеткізген табыстарымызды саралар болсақ, көштен қалған жоқпыз деп мақтанышпен айта алады екенбіз. Аз ғана уақыттың ішінде ұлы даланың төсінде жаңа мемлекет құрылып, оның тиімді басқару құрылымдары қалыптасты. Ал мұның өзі өміріміздің барлық салаларын жеделдете жаңғырту, елдігімізді нығайтып, болашаққа нық қадам жасау бағытындағы іс-қимылымызға тың серпін берді. Ел де, адам да өзгерді, өмірдің қай саласы болмасын, өзгеше сипат алып, жаңа арнаға түсті. Бірақ оған басымыз айналмауы керек. Өйткені, біздің тәуелсіздігіміздің әлі белі бекіп, бұғанасы қатая қойған жоқ. Отыз жылда біраз белестерді бағындырдық десек те, алда кезегін күтіп тұрған істер, тарқатылмаған түйіндер аз емес. Демек, алдағы кезеңде тәуелсіздігімізді баянды ету жағын көбірек ойлауымыз керек, Қасым-Жомарт Кемелұлы атап көрсеткендей, қуатты елдің иесі және кемел халық болу үшін саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет. Сонда ғана тарихта есесі кеткен қазақтың бағы жанады. 

– «Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық»,–деді Президент мақаласында. Бірақ, әлі күнге дейін ана тілімізді төрге шығара алмай келеміз. Осыған қарап отырып, отарлық санадан әлі арылмадық па, деген сұрақ туындайды. Бұған басқа не кедергі, сіз не ойлайсыз?

– Президенттің «Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық»,–деген сөздеріне мен де қосыламын. Тәуелсіздік жылдары біздің елімізде мемлекеттік тілді дамытудың алғышарттары жасалды, оны кезең-кезеңмен дамытудың белгілі бір жүйесі қалыптасты, құлашты кең сермеп қыруар іс тындыруға, туған тілімізді дамытуға қатысты мәселелерді шығармашылық тұрғыдан шешуге мүмкіндік беретін құқықтық кеңістік пайда болды. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі туралы конституциялық қағидамыз бар. «Тіл туралы» Заңымыз да бар. Соның нәтижесінде, қазақ тіліне деген қоғамның көзқарасы айтарлықтай өзгеріп, оны дамыту, қолданыс аясын кеңейту бағытында қыруар істер атқарылды, сөйтіп, мемлекеттік тіл өз дамуында жаңа сатыға көтерілді. Оның бәрін баппен, байыппен, қасиетті қазақ топырағын ежелден өзімізбен бірге мекендеп келе жатқан басқа этностардың алдындағы жауапкершілігімізді сезіне, «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген қағиданы ұстана, ара-тұра «шер тарқата», екі адым ілгері бір адым кейін шегіне жүріп атқардық. Жалпақ елге жай да мәлім сол істерді тізбелемей-ақ қояйын, олардың бәрін көзі барлар көріп отыр, санасы барлар сезіп отыр.

Қазір тіл мәселесінде қолымызды байлап-матап отырған заң, қазақша сөйлемеңдер, сол сияқты қазақ мектебін ашпаңдар, сапалы қазақ тілі оқулықтары мен әдістемелік құралдарын шығармаңдар деп отырған ешкім жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз егемендігіміздің мәңгілік үштағанының бірі екенін атап көрсетті. Сол үшін де оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Осы арада сәл шегініс жасап, Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған тіліміз туралы айтқан ой-тұжырымдарының бір парасын еске сала кетейін.Нұрсұлтан Әбішұлы Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында«Тарих тол­қы­нында» деп аталатын кітабында: «Дауға салса ал­мастай қиған, өмірдің кез келген орайында әрі қаруы, әрі қал­қаны болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен? Әрине, одан қымбат ештеңе жоқ деп айтуға болады. Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтас­тығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі» деп жазса, кейін де «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш-жігер жұмсауымыз керек», «Өзіміз ана тілімізде сөйлемейінше, өзге ешкім де бұл тілді шындап құрметтей қоймайтынын түсінуге тиіспіз. Бұл ретте, ең алдымен қазақ азаматтарының намысына салмақ салмай болмайды. Ана тілін білмеу қазақ азаматы үшін ұят саналуға тиіс», «Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді. Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажет. Мемлекеттік тілді тиімді меңгерудің ең үздік, инновациялық әдістемелік, практикалық оқу-құралдарын, аудио – бейнематериалдарды әзірлеу керек», «...мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір аза­матының парызы. Үкімет, өзге де мем­лекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға міндетті» деген талап-тілектерін үнемі айтып отырды.

Сүйініштісі сол, Қасым-Жомарт Тоқаев та ел тізгінін қолына алғаннан бері бұл мәселені ұдайы назарында ұстап, намысты қамшылаумен келеді. «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы« деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек» деп жазды жоғарыда өзіміз әңгіме еткен мақаласында Президент. 

Байқап отырған шығарсыз, айтуда кемдік жоқ. Олай болса, туған тіліміздің аяғын тұсап, бағын байлап отырған не? Қазақ – ғасырлар бойы бодандықтың қамытынан құтыла алмай, теперішті көп көрген халық. Оның сарқыншақтарын жою үшін көп уақыт керек деп ойлаймын. Осы ретте санада өзгерістер туғызатын тетіктерді іске қоса алмай отырғанымыз шындық. Бір ғана мәселе – отыз жылда отарсызданудың тоңы сөгілген жоқ. Содан да жасқаншақпыз, ұлттық мүдде ұтатын жерде шегіншектеп тұрамыз. Бір сөзбен айтқанда, әлі ұлт ретінде ұйыса алмай жатырмыз. Сол сияқты, Алаш арыстарының мұрасын тиісінше бағалап, бүгінгі жас ұрпақты солардың үлгісінде тәрбиелесек, ұпайымыз түгел болар еді.

– Қазақы ауылдарда тіл мәселесі бұрын да болған жоқ. Бірақ, қала қазақтарының ана тілімізге құрмет көрсетпейтіні, орыс тілінде ғана қарым-қатынас жасайтыны жасырын емес. Тіпті, балаларын орыс мектептеріне бергенін мақтан тұтатындар да бар. Осылай кете берсе, мемлекеттік тіл дамудың орнына кері кетпей ме? 

 Алаштың ардақты ұлдарының бірі Жүсіпбек Аймауытұлы: «...Қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын» деген екен. Жаңа айттым ғой, біздің туған тіліміздің дамуына сырттан ешкім қысым жасап жатқан жоқ. Бәріне «Тiлдi сату туған анаңды сатумен бiрдей» екенін түсінбей, ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының осындай жағдайдан сақтандырып: «Алашқа аты шыққан азаматтар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер! Сендер адассаңдар, арттарыңнан Алаш адасады» деген ескертуіне құлақ аспай келе жатқан, анасының әлдиі құлағында қалмаған, бесігінде ана тілінің уызына қанбаған өз бауырларымыз кінәлі. 

– Сонда не істеуіміз керек?

– Тарихтың өзіндей, бабалардың көзіндей ел бастаған көсемдердің тілі, сөз бастаған шешендердің тілі – қазақ тілін төрге шығарамыз десек, қазақ болуымыз, үйде де, түзде де қазақша сөйлеуіміз, балаларымыз бен немерелерімізді осыған тәрбиелеуімз керек. Президентіміз айтып отырғандай, туған тілімізге деген ниетіміз түзу болу керек. «Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты». Мен өзім Президенттің осы сөздерін Үкіметке берген нақты тапсырмасы деп түсіндім. Осыдан кейін Үкімет Мемлекеттік тілге қатысты жедел-ғабыл нақты шаралар белгілеп, биліктің барлық буындарын қозғалысқа келтіруі керек. 

Біз сөзге келгенде көсіліп, іске келгенде кібіртіктей беретін жаман әдетімізден де арыла алмай келеміз. Көбік сөзбен туған тіліміздің көсегесін көгерте алмайтынымызды түсінетін мезгіл жетті. Бізге нақты істер қажет. Тағы да айтамын, оған Үкімет, қолында билігі бар азаматтар ұйытқы болулары керек. Сайып келгенде, мұның өзі ұлттың рухын көтеру деген сөз. 

– Жаңа «Алашқа аты шыққан азаматтар! Көсемдiктерiңдi адаспай, түзу iстеңдер! Сендер адассаңдар, артарыңнан Алаш адасады» деген Ахмет Байтұрсыновтың сөзiн еске салдыңыз. Халықтың көшiн бастаушы көсемдерi – зиялы қауым өкiлдерi екенi белгiлi. Бiздiң зиялы қауым қаншалықты түзу жолмен көш бастап келедi деген ойдасыз?

– Тiл мәселесiне келгенде зиялы қауым өкiлдерiне кiнә тағуға болмайды. Тек бiзде солардың жанайқайына құлақ асу жағы кемшiн. Десек те, қазiр кiмнiң зиялы екенiн, кiмнiң зиянды екенiн ажырату қиын. Бiр ғана мысал келтiрейiн, бiздiң елiмiзде жүзге, руға бөлiну өршiп барады. Соның отын көсеп жүргендер – қарапайым халық емес, зиялысымақтар. Қазiр зиялымын деген адамдардың арасында «түлкі тымақты» киiп алып, соның салмағына шыдай алмай сүрiнiп-қабынып жүргендер көп. Қаншама уақыт өтсе де, Алаш арыстарының, Мағжанның, Смағұлдың орындары үңiрейiп бос тұр.

– Көшелердегі қазақша жарнамалар мен хабарландырулардағы қатеден көз сүрінеді. Тіпті, қазақ тілін мазақ тіліне айналдырып жіберді. Осыны тізгіндеуге бола ма?

– Кейде біз асыра сілтеп, кез келген мәселеге Парламент пен Үкіметті қыстырып, кінәлап жатамыз. Бұл – негізі, сіз бен біздің белсенділігімізге де қатысты мәселе. Мысалы, біздің Қызылжарда осындай келеңсіздіктерді байқаса, елеусіз қалдырмай, тиісті ұйымдардың назарына жеткізіп жүретін азаматтар бар. Оларды жұрт, әлгіндей сапасыз өнімдер шығаратындар да біледі, кәдімгідей қаймығады. Соның нәтижесі болуы керек, соңғы кездері жағдай біршама жақсарғаны байқалады.

– Мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде құжат айналымы әлі орыс тілінде жүреді. Кейбірінде қазақшасы болуы да мүмкін, бірақ, ондағы қазақша адам баласы түсінбейтін деңгейге түсіп кеткен. Бұған әр мекеменің басшысы жауапты болуы керек шығар? Сіз қалай ойлайсыз?

– Мемлекеттік тілге қатысты мәселелерге Алаштың барлық азаматтары білек сыбана кіріссе, табыстарымыз бұдан да толымды болар еді-ау деген ой да көкіректе сайрап тұрғанын қалай жасырамыз. Әттеген-айы, барлық жерде бірдей осындай нысаналы жұмыстың жалауын желбірете алмай келеміз. Іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшірудің жайына назар аударған адамның да осыған көз жеткізері анық. Президенттің 2006 жылғы 30 мамырдағы №127 Жарлығына сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде іс жүргізуді, есептік-статистикалық, қаржылық және техникалық құжаттаманы кезең-кезеңмен мемлекеттік тілде жүргізуге көшіру қолға алынып, жүзеге асырылуға тиіс болатын.

Сөйтіп, жергілікті өкілді және атқарушы органдар осыдан 15 жыл бұрын іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшті... Қағаз жүзінде. Іс жүзінде осылай болып жатса, қол соғып қуанарлық-ақ жағдай. Мәселе, міне, осында болып отыр. Қағаз жүзінде бәрін тастай қылып қатырып тастағандар іске келгенде тасбақа жүрістен танар емес. 

– Бәлкім, біз тек теріс жағын ғана көрсетіп отырған шығармыз. Бәлкім, осыдан 5-10 жыл бұрынғыға қарағанда мемлекеттік тілдің қолданысы жақсарған шығар? Әлде олай емес пе?

– Әрине,ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды, тәуелсіздік жылдары тұтастай еліміз сияқты, қазақтың тілі де жедел дамып, тұғыры биіктей түсті. Бір ғана мысал келтірейін, осыдан жиырма жылдай бұрын Петропавл қаласында бір-екі ғана қазақ мектебі болса, қазір олардың саны онға жетті. Олардың ішіндегі ең үлкені – Абай атындағы гимназияда қазір 1200 оқушы білім алуда. Бір мезгілде 400-500 оқушы партаға отыратын басқа мектептерде балалар екі ауысымда оқиды. Бұл нені көрсетеді? Бұл – Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік тілдің өмірімізге дендеп ене бастағанын дәлелдейді. Бұған қалай қуанбайсың?!

– Барды бар деуіміз керек дейсіз ғой. 

– Дұрыс айтасыз,«жоқ, жоқ» деп атқарылған істерді көрмеу, жылап-сықтай беру жігерді жасытады, сенімге селкеу түсіреді. Әсіресе, тал шыбықтай жайқалып өсіп келе жатқан жастарды адастырады. Тіпті, мұның өзі ұят! Бұл - дәрменсіздіктің көрінісі. Бізді бүгін қол жеткенді баянды ету үшін енді не істеуге тиіспіз деген ой көбірек мазалағаны жөн. Тіл мәселесінде әрі тартпай, бері тартпай, іске ұлт болып жұмылуымыз керек. 

– Латын әліпбиіне көшсек, ана тіліміздің кең қанат жаюына оның ықпалы бола ма?

– Өз басым солай боларына сенемін. Тереңдеп бармай-ақ қояйын. Бәрінеуақыт төреші. 

– Ілеспе аудармаға сіздің көңіліңіз тола ма? 

– Ел­ба­сы осы­дан жиырма жыл бұрын: «...ана тілі­міз­дің қолданылу ау­қымын кеңейту амалдарының бірі – бүкіл респуб­лика көлемінде үл­кен мәжілістерді ілеспе аудар­ма­мен қамтамасыз ете отырып, қа­зақ тілінде жүр­гізуге көшу» дей келіп, орталық және жергілікті ат­қа­ру­шы ор­ган­дар­дың басшыларына ке­ңестер мен жиналыстар өт­кі­зілетін орындарда ілеспе аударма құ­рал­да­ры­ның болуын қамтама­сыз ету жөнінде тапсырма берген еді. Өкінішке қарай, содан бері едәуір уақыт өтсе де, ілеспе аударма ісі жолға қойылған жоқ. 

Ілеспе аудар­маны жүзеге асыратын негізгі тұлға – ілеспе аудармашыларды даярлау өз деңгейінде емес. Бүгінгі таңда елімізде ондай маман­дық иелерінің тапшылығы айқын сезіліп отыр. Содан да кей жағдайларда ілеспе ау­дар­­­машылық міндетті әр мем­ле­кет­тік мекеменің іс қағаздарын орыс­шадан қазақшаға аударып отырған мамандар жүзеге асыруға мәжбүр болуда. Әрине, бұл арада аударма сапасы туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз. 

Өйткені, бір тілден екінші тілге аударма жасай алатын кез келген адам­ ілеспе аудармашы бола алмайды. Ілеспе аударма – ау­дар­­ма атаулының ішіндегі ең күр­делісі. Оны игеру үшін адамның бойында өзін басқалардан кәсіби тұрғыда ерекшелендіретін екі тілді де жетік білуі, жазбаша да, ауызша да ау­дарма жасай алуы, шешендік қабілеті және әде­би дарыны ұштасып жатуы сияқты көптеген қасиеттер болуы керек. Бізде іл­ес­пе аудармашылар еш жерде оқытылмаса ондай қасиеттер қайдан пайда болады. 

 Осы арада тілге байланысты жыл сайын әр деңгейде өткізіліп жататын мәдени шаралар туралы ойыңызбен де бөлісе кетсеңіз. 

– Бір-екі ауыз сөзбен қысқа қайырсам, олар барлық жерде бірдей тиісті қайтарым беріп отырған жоқ. Бір-біріне егіз қозыдай ұқсас, бір сарында өтетін түрлі кездесулер мен фестивальдер халықты да, қатысушыларды да әбден жалықтырды. Осыны ескеріп, бұдан былай бөлінген қаржыны орынды-орынсыз шаша бермей, баршаны баурайтын, басқа да ықпалды шараларды ойластырғанымыз жөн болар еді. 

– Кейбіреулер мемлекеттік тілдің жайын айта-айта шаршадық дейтін де шығар-ау?

– Шаршасақ та, шалдықсақ та, біз өгіз өлмесін, арба сынбасынға салынып, бұл мәселені жылы жауып қоя алмаймыз. Айта беруіміз, жаза беруіміз, жатсақ-тұрсақ туған тіліміздің жайын ойлауымыз, бір сөзбен айтқанда, күн тәртібінен түсірмеуіміз керек. Өйткені, бүгінгі күнімемлекеттік тіл мәселесі аса зор қоғамдық және саяси маңызға ие болып, ардың ісіне айналып отыр. Менің ойымша, еңсесі биік елдер қатарына қосылуды мұрат тұтқан біздер үшін Ананың тіліжүректің үні, ұлттың рухы, абыройы, болмыс-бітімі туған тіліміздің өсіп-өніп, өркендей беруі, тамырын терең жайып, мәңгі құламайтын бәйтерекке айналуы, шын мәнінде өз тұғырына көтеріліп, қоғамымыздан лайықты орнын алуы үшін күресуден асқан абыройлы міндет жоқ. 

- Әңгімеңізге рахмет!

ҚазАқпарат