21 ақп, 2022 сағат 14:15

Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде алаңға шыққандарға металл арматура таратқандар ұсталды


Алматыда болған жаппай ереуіл кезінде алаңға шыққандардың қолдарына металл арматура ұстатқан 6 алматылық тұрғын ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма басшысының орынбасары Дәурен Қозыбақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық шарасы барысында 2 мыңнан астам бұрын жасалған ауыр және аса ауыр қылмыс ашылды. Сонымен қатар іздеуде жүрген 327 қылмыскер ұсталды. Мысалы, Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан Алматы қаласы мен Алматы облысының 6 тұрғыны ұсталды. Олар құқық қорғау органдары және әскери қызметшілерге қарсы шығу үшін ереуілге қатысушыларға металл арматур таратқан», - деді Дәурен Қозыбақов онлайн өткен брифингте. 

Одан бөлек, ІІМ өкілі жедел-профилактикалық шара аясында кәмелет жасына толмаған балаға шабуыл жасаған күдіктінің ұсталғанын айтты. 

«2017 жылы Шымкент қаласында көшеде атыс қаруын қолдана отырып, кәмелетке толмаған баланы өлтіруге қатысушы ретінде халықаралық іздеуде жүрген күдікті араға бірнеше жыл салып Тараздан ұсталды», - дейді ол.