04 ақп, 2022 сағат 22:28

Жаппай ереуілден кейін ұсталған 200-ден астам күдіктіні қамаған жоқпыз - Санжар Әділов


200-ден астам күдіктіге қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес бұлтартпау іс-шарасы қолданылды. Бұл туралы ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ішкі істер министрлігі ұсталғандардың жеке басын ескере отырып, қылмыстық іс жүргізу заңында көзделген негіздер бойынша күдіктілерді қамаудан босату жөнінде де жұмыс жүргізуде. Өткен аптада қадағалаушы прокурормен келісе отырып, 9 адамға қатысты бұлтартпау шарасы - үй қамағына, 6 адамдыкі - ешқайда кетпеу туралы қолхат алуға өзгертілді. Бұл ретте босатылған адамдар тарапынан шағым түскен жоқ», - деді ол орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, кейбір күдіктілер жасаған қылмысының жеңілдігін ескере отырып қамауға алынбады. 

Оларға қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес бұлтартпау шарасы қолданылды.

«Қазіргі уақытта қамауға алынғандарды қоспағанда мұндай күдіктілердің саны 200-ден асады», - деді Санжар Әділов.