08 шіл, 2022 сағат 15:55

Жапонияның экс-премьері қастандықтан соң көз жұмды


Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэ 8 шілдеде жасалған қастандықтан соң ауруханада көз жұмды. Бұл туралы жапониялық басылымдар мен халықаралық агенттіктер хабарлады.

Абэге бүгін Жапонияның батысындағы Нара қаласында жұрт алдында сөз сөйлеп тұрған кезде оқ атылған. Кейін оны ауруханаға жеткізген. Абэ жұртты алдағы жексенбі күні өтетін Сенат сайлауына өз партиясы атынан қатысатын кандидатты қолдауға үндеп тұрған еді.

Ақпаратқа қарағанда, Абеге Нара қаласының 41 жастағы тұрғыны Тэцуя Ямагами шабуыл жасаған. Ол адам өлтірмек болды деген күдікке ілініп, қамалды. Алдын ала ақпарат бойынша, ол экс-премьерді қолдан жасалған бытыра мылтықпен атқан. Полиция қаруды тәркілеген. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Тэцуя Ямагами бұрын Жапонияның теңіз күштерінде қызмет еткен. Күдікті не үшін Абені атқаны белгісіз, қазір полиция тергеу бастады.

67 жастағы Синдзо Абэ 2020 жылы премьер-министр қызметінен отставкаға кеткен. Бірақ Жапонияның басқарушы либерал-демократия партиясында ықпалды тұлға болып қалған. Ол Жапонияда ең ұзақ уақыт премьер-министр (2006-2007 және 2012-2020 жылдары) болған еді.