«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті, белгілі медиаменеджер Бибігүл Жексенбай Instagram арқылы Токиодағы дәрігер қандасымыз Әбдібек Қалибекпен сұхбат жасады. Токио қаласындағы Juntendo университетінің медициналық клиника профессорының ассистентімен сұхбатты оқырман назарына ықшамдап беріп отырмыз.
«Жапонияда өте қызық жағдай болып жатыр. Бізде карантин енгізілген жоқ. Үкімет тарапынан наурыз айынан бастап шектеу қойылмады. Бірақ мейрамханалар, мәдениет орталықтары, кітапханалар секілді адамдар көп жиналатын орындар сәуір айының 7-нен бастап екі айға жабылды. Бір айдың алдында ол шектеу тоқтады. Ол жарлықты бір-екі сөзбен түсіндіру қиын. Жапония мемлекетінде мемлекеттік те, жеке де клиникалар көп. Жарлықтың түсуіне байланысты барлық клиника, медициналық орталық коронавирусқа тойтарыс бермей, қайтару керек деген қағидатта болды», - дейді Әбдібек Қалибек сөз басында.
Оның айтуынша алғаш коронавируспен бетпе-бет келген кезде Жапонияның онымен күресерлік тәжірибесі болмаған. Осының салдарынан біршама адамнан айырылып қалдық дейді дәрігер.
«Жапонияның коронавирусқа қарсы хаттамалары пісіп-жетіліп келе жатыр. Қазір бізде коронавирус жұқтыру деген әзір маңызды болмай қалды. Маңыздысы – жұқтырған адамдарға тезірек диагностика қою, жағдайының нашарлап кетпеуіне жол бермеу. Коронавирус жұқтырғандардың жағдайы ауырлап кетсе өте күрделі күйге апарады. Соңғы бір айда КВИ жұқтырғандардың жағдайын ауырлатпай, бетін бері қаратып жатырмыз», - дейді қандасымыз.
Жалпы ондағы халық тазалыққа өте қатты мән береді екен. Мәселен Әбдібектің балабақшаға баратын ұлы бір күні киген киімін екінші күні кимейтін көрінеді. Күншығыс елінде балабақшадан бастап баланы тазалық сақтауды қатты қадағалайды. Індет келген кезде бұл талап тіпті де күшейе түскен.
Қазіргі уақытта жапон халқы 1 метрлік әлеуметтік қашықтықты сақтауға міндетті. Көшеде маскасыз жүргендерге 2 маскадан тегін беріледі.
Әбдібек Қалибектің айтуынша пандемия жұмыс орындарының бәрін тоқтатып тастаған уақытта Жапония үкіметі әр адамға 1 мың доллардан әлеуметтік төлемақы беріпті. Отбасында төрт адамы бар Әбдібек 4 мың доллар алғанын айтады.
«2020 жылғы Жазғы Олимпиада Жапонияда өтуі керек болғанын білесіздер. Бірақ әлемдегі індетке байланысты Олимпиада ойындары кейінге шегерілді. Егер келесі жылы да ойындар өтпей қалатын болса пандемияның экономикалық салдарын ең қатты шеккен Жапония мемлекеті болайын деп тұр. Қазіргі уақытта Англия бас болып, вирусқа қарсы вакцинаны шығарғалы жатыр. Осыдан бір апта бұрын 2020 жылдың қазан айына дейін вакцинаны шығарып қою туралы хабарлама таратты. Бұл бағыттағы жұмысқа инвестиция салған, Италия бастаған Еуропаның 3-4 мемлекеті бар. Ең алдымен кезек соларға тиеді. Жапонияға вакцинаның келіп қалу ықтималдығы – келер жылдың наурызы деген болжам бар. Бірақ тікелей қазақшаға аударған кезде «шикі вакцина» мен «ДНК вакцинасы» деген болады. ДНК вакцинасына қатысты он шақты зерттеу орталығы жаппай күн-түні клиникалық тесттерді жасауда. Қазіргі деректерге қарасақ, Англия бірінші болып әлемге вакцина өндіріп шығаратын секілді. Егер вакцинаны қазан айынан бастамасақ келесі жылдың осы уақытында дүниедегі үш адамның біреуі осы вирустан опат болуы мүмкін», - деді ол.
Әбдібек Қалибек осыдан екі жыл бұрын Вьетнамда болған екен. Ондағы елдің коронавирусты еңсеріп келе жатқанына алдымен тәртіп себеп екенін айтып өтті.
«Вьетнам бәрімізді таң қалдырып отыр. Совет кезінде сіздерге туберкулезге қарсы вакцина салынатынын білесіздер. Кезінде мұндай вакцина Жапонияда да салынатын. Мамандардың айтуынша туберкулездің вакцинасы салынған адамдардың коронавирусқа қарсы иммунитетті күшті болатын көрінеді. Әрқалай әңгіме бар. Қазақстанды екі-үш ай болды бақылап отырмын. Пандемия басталғанда Қазақстанда бірде-бір адам тіркелмеген еді. Бүкіл дүниеде тіркеліп болғаннан кейін ғана Қазақстанда жұқтырғандар алғаш пайда бола бастады. Вирустың қашан кететіні кім біледі? Біреулер 2024 жыл дейді. Біреулер коронавирус адамға мәңгі жабысты дегенді айтады. Бір қиыны бұл вирус өршитін кезеңді таңдамайды. Осылай бола беретін болса, вакцина шықпаса қиын жағдайда қаламыз», - дейді ол.
Тұмаудан Жапонияда жыл сайын 10-15 мың адам көз жұмады. Әбдібектің сөзінше коронавирус алғаш Жапонияда тіркеле бастаған кезде ондағы мамандар бұл тұмаудан қауіпті емес ойлаған екен.
«Коронавирусқа біз алғаш жеңіл қарап қалдық. Өкпе қабынып, қауіп барына көзіміз жеткеннен кейін хаттамаға сәйкес адамдарды емдеп жатырмыз», - дейді ол.