Фото: ©РИА Новости
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ресейдің Ульяновск облысында жол апаты салдарынан отандастарының қаза болуына байланысты халыққа үндеу жасады. Үндеу мәтіні президент сайтында жарияланған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жапаров Ресей Федерациясының Ульяновск облысында болған оқиға әрбір қырғызстандықты елең еткізгенін, орны толмас қаза баршаның жүрегіне қаяу салғанын айтты.
"Отандастарымыздың жол-көлік оқиғасына ұшырағаны туралы хабарды үлкен қайғымен қабылдадық.
Қаза болғандардың туыстарының қайғысын түсінемін және бөлісуге даярмын, оларға қазір өте қиын. Мұндай жағдайларда жанашыр сөздерді айту қиын. Соған қарамастан, апат салдарынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын", - деді Қырғызстан президенті.
Оның айтуынша, апаттан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына көмек көрсетіледі. Жапаров бұл мәселе өзінің жеке бақылауында болатынын қадап айтты.
"Құрметті отандастар, бұл қайғылы оқиға барша халық үшін үлкен қайғы, осыған байланысты 23 тамызды Қырғызстан Республикасы аумағында Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын", - деп түйіндеді сөзін Садыр Жапаров.
Ресейдің Ульяновск облысында болған жол-көлік оқиғасында 16 адам қаза тапты, оның 14-і Қырғызстан азаматтары. Үш қырғызстандық аман қалған. Олардың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр, деп жазады 24.kg.
Шағын автобус екі жүк көлігі арасында қысылып қалған. Адам өліміне себепкер болған жүк көлігінің жүргізушісі де қаза болған.