22 қаз, 2023 сағат 20:27

«Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» республикалық экологиялық акциясы өтті

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Бүгін Республика күні мерекесі аясында Қазақстанның барлық өңірінде «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат" атты экологиялық акция өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Бұл күні барлық өңірдің азаматтары еліміздің экологиясын жақсартуға үлес қосу үшін жалпыға бірдей республикалық сенбілікке шықты. Мұндай іс-шаралар азаматтық белсенділіктің, бірліктің және қоршаған ортаны жақсартуға деген жалпы ұмтылыстың жарқын көрсеткіші болып табылады.

Бүгін сенбілікке 270 мыңнан астам адам қатысты. Елордада Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің және Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің эколог-студенттері қатысты" - делінген хабарламада.


Ведомство мәліметінше, акция барысында республика бойынша 40 мыңнан астам қалдық жиналған. Жиналған қоқыс сұрыпталып, қайта өңдеуге 1200 тонна шыны, 3150 тонна пластик, 420 тонна резеңке, 1300 тонна қағаз және картон, 890 тонна металл тапсырылған.

"Астанада Қарасу өзенінің бойында 40 мың ағаш көшеті отырғызылды, оның 200 көшетін ведомство қызметкерлері отырғызды.

Алдағы мерекеге орай іс-шара өтетін жерде министр аумақтық экология департаменттеріне 11 автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыс етті. Олардың қатарында Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ұлытау, Жетісу және Абай облыстары бойынша департаменттер бар.

Біз осы іс-шараға қатысқандардың барлығына алғысымызды білдіреміз. Таза және жарқын ел үшін бірлескен күш-жігерімізді келешекте жалғастырамыз деп үміттенеміз" - делінген хабарламада.