10 там, 2017 сағат 10:54

Жаңа әліпбидің пернетақтасы қандай болады?

Бүгінгі таңда қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі қайта көтеріліп жатқандығы белгілі. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деген сөзі себеп болып отыр.  

Шынымен де Тәуелсіздік алғалы бері қазақ тілін латын қарпіне көшіру мәселесін зерттеуге Үкімет екі рет тапсырма берген еді. Оның екеуінде де қаржы бөлініп, біршама зерттеу жұмыстары атқарылды. Алғашқысында, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты латын қарпіне өткен өзге түркі халықтарының тәжірибесіне талдау жасады, кейінгісінде латын қарпіне байланысты теориялық жұмыстар жүргізді. Екеуінің де нәтижесі монография түрінде жарияланды: «Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы». — Алматы: Арыс, 2007 ж., «Жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын реформалау». — Алматы, 2016 ж.. Латын қарпіне негізделген әліпбидің бірнеше жобалары дайындалды. Ол заңды да. Ендігі кезекте солардың біріне таңдау жасау, бір тоқтамға келу мәселесін жеделдету қажет. Себебі, қазақ тілін латын қарпіне көшіруде бұлардан өзге де мәселелер жетерлік. Солардың бірі – латын қарпін пернетақтаға тиімді орналастыру мәселесі. Заман талабы компьютерлік тәуелділікке жетелейді. Одан өзге Елбасы тапсырғандай, «Цифрлы Қазақстан» талаптарына жауап беретіндей әрекеттерді, тиімді әдістерді даярлауымыз қажет деп санаймыз. Қазіргі қолданылып жүрген компью­терлік пернетақтаның тарихы сонау ХІХ ғасырда қарапайым жазу мәшинесінің пайда болуымен байланысты. 1868 жылы Кристофер Латам Шольз атты ағылшын ғалымы әліпбилік тәртіппен орналасқан символдардың жиынтығы ретінде өзінің алғашқы пернетақтасын ойлап тауып, патенттеп алған. Ол пернетақтада әріп екі қатарда әліпбилік ретпен орналасқан. Әріптердің пернетақтада бұлай (әліпбилік ретпен) орналасуы мәтін теруде ынғайсыздықтар келтіргендіктен, бұл пернетақтаның қолданылуы ұзаққа бармайды. Түймешіктерді басқанда саусақтардың бір-біріне ілінісу әрекеті жиі болып, жазылуда өрескел қателер байқалған. Бұл қиындықты шешу үшін Кристофер Шоулз қаріптердің орналасу тәртібін біртіндеп өзгерту арқылы тәжірибе жасайды. Оның нәтижесінде қазіргі қолданыстағы QWERTY пернетақталы Ремингтон 1 атауымен теру мәшинесі пайда болады. Бұл теру мәшинесі соңғы бес жылда-ақ нарықта қолданылымдылығымен үлкен сұранысқа ие болады. Дегенмен де 1888 жылы Франк Макгурриннің пернетақтаға қарамай теру әдісі қолға алына басатайды. Бұл әдістің негізінде пайда болған Ремингтон 2 теру мәшинесі QWERTY орналасымының танымалдылығына кеңінен жол ашылады.

«QWERTY» орналасымының атауы пернетақтаның сол жақ бөлігінің жоғарғы жағында орнатылған латын қарпінің алғашқы алты әрпіне байланысты қойылған екен. Бұл пернетақтаны құрастырудағы басты ұстаным – мәтінде жиі қатар келетін әріптерді бір-бірінен алшақ орналастыру болып табылған. Себебі ағылшын әліпбиінде мәтін ішінде дыбыстардың қатар келуі жиі ұшырасады (мысалы, p-r, n-o). Осының нәтижесінде мәтін теруде қатар тұрған түймешіктерді басқанда, көрші тұрған әріптердің ілінісіп кету жағдайы жиі ұшыраған. Осы және т.б. кемшіліктерді ескере отырып «QWERTY» пернетақтасын өндірушілер тіркесте жиі қатар қолданылатын әріптерді бір-бірінен алшақ орналастыру және мәтінде жиі ұшырасатын әріптерді сұқ саусақ басатын ауданнан қашығырақ орналастыру қажеттігі жайында шешім шығарады. Әріптерді сұқ саусақ басатын ауданнан қашық ораналастыруының тағы бір себебі саусаққа түсетін күштің жүктемесін азайту.

Ал орыс пернетақтасында керісінше, ең күшті және жылдам әрекет ететін сұқ саусақ басатын ауданға ең жиі кездесетін әріптер қатарын берген, ал әлсіз аты жоқ саусақ пен шынашақ басатын аудандарға сирек кездесетін әріптерді орналастырған.

Әліпбиін латын қарпіне бейімдеп қолдануында бір ғасырдай тарихы бар түрік халқы пернетақтаны екі рет өзгертіп үлгерді. Олар алғашында компьютерлендіруге байланысты латын қарпін әлемдік стандартты пернетақтаға қосымша төл дыбыстарын енгізу арқылы өзіндік пернетақта ойлап тапты. Оның сипаты мынадай:

Бұл пернетақтаны «Q пернетақта» деп атаған. Жоғарыдағы суреттен байқағанымыздай түрік мамандары әлемдік стандарттағы осы пернетақтаға қосымша өздерінің Ч-Ç ç, Ғ-Ğ ğ, Ы-Y y, Ө-Ö ö, Ш-Ş ş, Ү-Ü ü таңбаларын енгізу арқылы пайдаланған. Осыған байланысты дереккөздерге көз жүгіртсек, «Q пернетақтасы» түркі халқына біраз жыл қызмет еткенін көруге болады. Дегенмен де уақыт өте келе, түрік ғалымдарының пікірінше қолданыс тәжірибесінде түймешіктердің (қаріптердің) бұлай орналасуы тиімсіз болып танылды.

«F пернетақтасының» қысқаша тарихымен ерекшелігін сөз ете кетсек, бұл пернетақтаны 1955 жылы İhsan Sıtkı Yener атты ғалым ойлап тапқан. Түрік тілдер қауымдастығының жазу жиілігіне жүргізген статистикасының зерттеу нәтижесінен туындаған пернетақтаның бұл дизайн түрі, оның жай ғана жеке адамның пікірі емес, сонымен бірге бұл үлкен ізденістің нәтижесінде пайда болғанын көрсетеді. Түрік тілдер қауымдастығы жүргізген бұл статистика қорытындылары әріптерді пернетақтада орналастыруда саусақтың сүйектері мен бұлшық еттерінің анатомиясы ескеріле отырылып үйлестірілген. Сонымен бірге «F пернетақтасының» тағы бір ерекшелігі оң қол мен сол қолға түсетін күште баланс сақталған: сол жақ қолға түсетін күш 49%-ды құраса, оң қолға түсетін күш 51%-ды құрайды. Түріктер осы пернетақтамен мәтін теруде бірнеше рет Әлем чемпионы атанғанын мақтанышпен айтады.

«F пернетақтасына» да қосымша 6 қаріп енгізілген. Осы пернетақтаның «Q пернетақтасынан» әріптердің кездесу жиілігіне байланысты орналастырылғанымен ерекшеленеді.

Байқап отырғанымыздай, перне­тақтаға әріптерді ораналастыру үлкен мәселе болып табылады. Түрік мемлекеті бұл тұрғыда бірнеше жыл бойы өз төл таңбаларын енгізуде көп жұмыс жасаған. Әріптерді орналастыру таза тілтанушылардың ғана емес психолог, физиолог, когнитологтардың да пікірлерімен байланыста жасалды. Осымен байланысты біз де қазақ мәтіндеріне статистикалық талдау жүргізгеніміз абзал. Және оның қорытындыларын латын қарпіне бейімделген қазақ әріптерін пернетақтаға орналастыруды басты назарға ұстауымыз керек деп танимыз.

Қорыта келе, осымен байланысты латын әліпбиіне негізделген қазақ қаріптерін пернетақтаға орналастыруда төмендегідей мәселелерді басты назарымызға ұстауымыз қажет:

– пернетақтаға қаріптерді орналастыруда бірінші жеке әріптердің қолданыс жиілігін, екінші тіркестердің қолданыс жиілігін басшылыққа алу қажет;

– әріптерімізді пернетақтаға орналастыруда әлем тәжірибесіндегі тіркесте жиі қатар қолданылатын әріптерді бір-бірінен алшақ орналастыру және мәтінде жиі ұшырасатын әріптерді сұқ саусақ басатын ауданға орналастыру қажеттілігін басшылыққа алғанымыз жөн;

– жиі кездесетін тіркестерді қатар орналастырмай, оң қолмен сол қол басатын аудандарға параллель орналастыру қажет;

– пернетақтаға әріптердің қолданыс жиілігін ескере отырып, физикалық тұрғыдан күшті саусақтан әлсіз саусақтарға қарай ретімен ораластыруды дұрыс деп танимыз;

– әріптердің қолданыс жиілігімен бірге тіркестердің қолданылу жиілігіне байланысты әртүрлі стильдерге жасалған статистикалық талдаулар нәтижесін латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиін пернетақтаға модельдеу жұмысын да ескеру маңызды. Себебі әр тілдің әріптері мен тіркестерінің өзіндік қолданыс жиілігі болды. Егер әріптерді пернетақтаға осы қолданыс жиілігіне сәйкес орналастырсақ, мәтін теруде уақыт үнемділігі, физикалық күшті аз жұмсау сияқты нәтижелерге қол жеткізер едік.

Бұлбұл КАРБОЗОВА,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкері,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың PhD докторанты