23 ақп, 2021 сағат 13:20

Жамбылда заңсыз алтын өндірушілерден қару мен алтын тәркіленді

Жамбыл облысында алтын іздеушілерден қару-жарақ пен алтын тәркіленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында 52 жастағы Алматы қаласының тұрғыны ұйымдастырған құрамында алтыны бар кенді заңсыз өндіру орны анықталды. 

Тексеру барысында тіркелмеген 16 калибрлі бір ұңғылы аңшылық мылтық, жарылыс жұмыстарын жүргізуге арналған 8 дана қолдан жасалған тұтандырғыш табылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-бөлігі (атыс қаруын (тегіс ұңғылы аңшылық қарудан басқа), оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) және 334-бабы (жер қойнауын өз бетінше пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды», - делінген ведомство хабарламасында.