Жамбыл облысының полицейлер жеті жыл бойы халықаралық іздеуде болған қылмыскерді Қырғызстанда ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
4 қарашада Жамбыл облысының полиция департаменті қызметкерлері Қырғыз Республикасы Ішкі істер басқармасы қызметкерлерімен бірлесіп, 33 жастағы қылмыскерді қолға түсірді. Ол 2013 жылдан бері адам өлтіргені үшін халықаралық іздеуде болған. Бұл туралы Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қылмыскер 2013 жылы 21 маусым күні, түнгі сағат 01.00 шамасында Меркі ауданында орын алған жанжалдан кейін, қарсыласына қару қолданып, оқ атқан. Ауыр жарақат алған 40 жастағы ер адам оқиға орнында қаза тапқан. Қазіргі уақытта қылмыскер Қырғыз Республикасының Шу облысы бойынша ішкі істер басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оны Жамбыл облысына экстрадициялау мәселесі шешілуде», - делінген ведомство хабарламасында.
Айта кету керек, жыл басынан бері Жамбыл облысының ПД криминалдық полициясының қызметкерлері ТМД елдерінің құқық қорғау органдарының іздеуінде жүрген 19 қылмыскерді анықтап, ұстаған.