11 сәу, 2022 сағат 12:58

Жамбылда қазақ пен қырғызға ортақ өзендер бойында 3 су қоймасы салынады


Жамбыл облысы аумағында трансшекаралық өзендер бойында су қоймасын салу мәселесі Үкіметтің ерекше бақылауында. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жамбыл облысы аумағында трансшекаралық өзендер бойында су қоймаларын салу қажеттігі («Ақмола», «Қалғұты», «Ырғайты») - суды үнемді пайдалану есебінен өнімділікті арттыру жөніндегі стратегиялық міндетті іске асырудағы 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы іс-шараларының бірі. Жоба бойынша 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау аясында жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 243,4 млн теңге сомасына тиісті бюджеттік өтінім қаралып жатыр», - деп атап өтеді Үкімет басшысы. 

Оның айтуынша, жоғарыда көрсетілген жобаларды іске асыру өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға және тұтастай алғанда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын ескере отырып, мәлімделген шығыстар бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес басым тәртіппен қаралады.

«Жалпы Жамбыл облысы аумағында трансшекаралық өзендер бойында су қоймасын салу мәселесі Үкіметтің ерекше бақылауында», - деді Әлихан Смайылов.