Полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтанда жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікке ілінген Жамбыл облысының 35 жастағы тұрғынын ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ұсталған азамат Шу ауданы Төле би ауылында Nur Otan партиясы филиалының ғимаратын өртеуге қатысқан.
"Қылмыстық қудалаудан жасырынып жүрген ер адам 9 қаңтарда елордаға келіп, жалға пәтер алып тұрған. Оған іздеу жарияланған. Биыл 14 қаңтарда Жамбыл облысы ПД Шу полиция бөлімі күдіктіге іздеу жариялады", - делінген хабарламада.