Жамбыл облысында заңсыз аң аулағандар құрықталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Мамандандырылған» Сапсан «жедел қызметінің» инспекторлары Сарысу ауданынан Қызыл кітапқа енген қарақұйрықты атып алған азаматты ұстады. Одан 2 аңшы мылтығы тәркіленіп алынды. Шара Сарысу орман шаруашылығы мекемесі және Сарысу аудандық полиция бөлімшесімен бірлесіп жүргізілді. Заңды бұзған азаматқа салынған айыппұл көлемі 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Тәркіленген қарулар Сарысу аудандық полиция бөлімшесіне өткізілді
«Сондай-ақ, жедел қызмет мамандары жабайы қабанды атып алған азаматты да ұстады. Оқиға Сарысу ауданындағы Жайлаукөл елді мекенінің маңайында орын алған. Кешкі сағат 19.30 шамасында күдікті азаматты тоқтатып тексергенде оның қасында тіркелмеген 16 калибрлі аңшы мылтығы болған. Бұл айғақ заттар Сарысу аудандық полиция бөлімшесіне өткізілді. Енді ұсталған азаматқа 250 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды»,-деп хабарлайда аталған басқарманың баспасөз қызметі.