Жамбыл облысында жағдай тұрақталды. Ахуал жергілікті биліктің құрған жедел штабының қатаң бақылауында, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыс орталығы Тараз қаласында террорлық шабуылға тосқауыл қойылып, он шақты қарулы қылмыскердің көзі жойылып, 269 бүлікші ұсталды. 20 қылмыстық іс қозғалды. 104 әкімшілік іс қозғалды.
Жалпы, 15 адам қаза тапты. Оның 2-і құқық қорғау органдарының қызметкерлері.
Әкімдікті өртеген белсенді 4 адам ұсталып, 2 Калашников автоматы тәркіленді.
Қаруланған топқа қарсы Полиция, ҰҚК департаменттері мен «Оңтүстік» әскери қолбасшылығының 2000-нан астам қызметкері, 100-ден астам арнайы техникасы жұмылдырылды.
7 полицей жарақат алса, оның ішінде 2-іне оқ тиген. 100-ден астам қызметтік көлік зардап шекті.
283 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген, оның 42-сі ауруханада жатыр.
Теміржол вокзалында 23.00-ден кейін пойыздан түсетін жолаушыларды арнайы кезекші автобустар тасымалдайды.
Қылмыскерлерді ұстау, жедел іздестіру шаралары жалғасуда.
Облыс бойынша 29 блок-бекет жұмыс істеуде, оның ішінде Тараз қаласының кіріс-шығыс қақпаларына 10 блок-бекет қойылған. Барлық көліктер тексерілуде. Бүгінгі таңда оларға 4 рет шабуыл жасалған.
Блок-бекеттерде шетел, басқа өңірлерден келген көліктері анықталуда.
Бүлікшілер облыс әкімдігінің, «Nur Otan» партиясы филиалының және полиция департаментінің ғимараттарын өртеген.
Зақым келген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Зардап шеккен әлеуметтік нысандар жоқ.
Өңірде қоғамдық тыныштықты сақтау бойынша жергілікті билік пен ерікті халықтың, қоғам белсенділерінің бірлескен жұмысы жалғасуда.
ТЖ бекеті, әуежай, әскери қоймалар, «Әмір және Д» әскерилердің қорғауында.
Сондай-ақ, маңызды стратегиялық нысан болып табылатын Қордай ауданы Отар әскери қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ әскерилермен қорғалуда.
Коммуналдық қызметтер тұрақты жұмыс істеп жатыр.