Ерұлан Жамаубаев премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі болып тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
"Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаев Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары - қаржы министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының қаржы министрі лауазымынан босатылсын", - делінген хабарламада.
Ерұлан Жамаубаев 1974 жылы 25 наурызда Алматы облысында дүниеге келген. Ол 1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын "Қаржы және кредит" мамандығы бойынша бітірген. Ал 2009 жылы Қазақ экономикалық университетін бітірген. Ол - "іскерлік әкімшілендіру" магистрі.
Жамаубаев 1996-1998 жылдары Қазақ мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы болып қызметін атқарған. 1998-2006 жылдары Ұлттық банк зерттеулер және статистика департаменті жетекші сарапшысы, бас сарапшысы, бас маман-сарапшысы, басқарма бастығы, директор орынбасары секілді қызметтер атқарған.
2006-2014 жылдары Ұлттық банктің Үйлестіру департаментінің директоры болды. 2014-2015 жылдары "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс банкі" АҚ-ның басқарушы директоры қызметін атқарды. 2015 жылғы шілде мен қараша аралығында ҚР Президенті әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.
2015 жылғы қараша мен 2018 жылғы қараша аралығында Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі болды. 2018 жылғы қараша мен 2019 жылғы наурыз аралығында Президенттің көмекшісі қызметіне тағайындалды. Ал 2019 жылғы 22 наурызда Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы лауазымына бекітілді.
Айта кетейік, 2020 жылы Ерұлан Жамаубаев қаржы министрі болып тағайындалған еді.
610 рет оқылды