24 ақп, 2022 сағат 12:50

Зеленский: Украина аумағында әскери жағдай жариялаймыз


Украина президенті Владимир Зеленский бүкіл елде әскери жағдай жарияланғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бұл туралы Украина басшысы Донбасста Ресейдің арнайы әскери операциясы басталғаннан кейін Instagram әлеуметтік желісіндегі видео үндеуінде айтты.

"Бүкіл ел аумағында әскери жағдай жариялаймыз. Бір минут бұрын мен президент Байденмен сөйлестім. АҚШ халықаралық қолдауды жинай бастады. Біз тыныштық сақтауымыз қажет. Мүмкіндігінше, үйде болыңыздар. Украинаның барлық қауіпсіздік және қорғаныс секторы жұмыс істейді. Дүрбелең туғызбайық. Бәріне дайынбыз және бәрін жеңеміз. Өйткені біз - Украинамыз", - деді Зеленский видео үндеуінде.

Сондай-ақ, саясаткер Ресейді елдің әскери инфрақұрылымына соққы берді деп айыптап, Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын шақыру туралы шешім қабылдаған.

Айта кетейік, бүгін Ресей президенті Владимир Путин Донбасста арнайы әскери операция өтетінін мәлімдеді. Сонымен қатар ол Ресейдің жоспарында Украинаны басып алу мақсаты жоқтығын айтты.