24 жел, 2020 сағат 15:14

Заң аясында қатаң шаралар қабылданады – Білім министрі анасы қуып шыққан 8 жасар қыз туралы

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов анасы киімсіз қуып шыққан 8 жасар қыз оқиғасына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз бұл оқиғаны естідік, онда арнайы топ жіберілді. Қамқорлық органдары мен ювеналды полиция сонда барып, тиісті жұмыстарды жүргізуде. Әрине, бұл оқиғаға сөз құрап айтудың өзі қиын. Қыз бала далада киімсіз отыр, айнала толы қар. Шын мәнінде, бұл қыздың жағдайы ақылға қонбайды... Біреулер бала сүюді армандап жүрсе, кей жерде, өкінішке орай, осындай сұмдық жағдайлар болады», - деп жауап берді Білім министрі Орталық коммуникациялар қызметінде тілші сұрағына.

Министрдің айтуынша, мемлекет бұл жағдайда өте жылдам әрекет етуі керек. 

«Сондықтан қамқорлық органдары хабарды естісімен оқиға орнына шығып, тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Әзірге бір нәрсе туралы айтуға ерте, не болғанын, жағдай қандай болғанын, себептерін анықтау керек. Әрине, бұл оқиғаға ешқандай себепті айту мүмкін емес. Шындыққа қаншалықты сай келетінін, барлығын көреміз. Заң аясында ең қатаң шаралар қабылданады», - деді Асхат Аймағамбетов. 

Айта кетейік, елордада 8 жастағы қызын қыстың суығында далаға қуып жіберген 35 жастағы әйелдің ісі қаралып жатыр. Полиция қызметкерлері осы оқиғаға қатысты 35 жастағы әйелден жауап алған. Ол осындай амалмен көршілердің кір қыстырғышын рұқсатсыз алып, ойнаған балаларын жазалағанын айтқан.