Қостанай облысындағы өртке су таситын көліктер тартылуы мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жағдайды баяндаған Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі таңда 5 учаскеде өрт сөндіру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Бұған дейін баяндағанымдай, негізгі учаскелердегі елді мекендерден 1800-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Дәл қазір эвакуациялау орындарында 66 адам бар. Қалғандары не қауіп сейілгендіктен үйлеріне қайтты, не туыстарында тұрып жатыр», - деді ведомство басшысы Қостанай облысында болған өртті сөндіру жөніндегі шұғыл әрекет ету штабының отырысында.
Мәлім болғандай, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктері мен Орман шаруашылығы комитетінің өкілдерінен, белсенділерден құралған екі мыңнан астам адам өрт сөндіруге жұмылдырылған.
«Қазіргі таңда 6 ұшақ өрт сөндіру жұмыстарына тартылған. Оның төртеуі Төтенше жағдайлар министрлігіне, екеуі Қорғаныс министрлігіне тиесілі, күш жеткілікті. Тек қазір су көздерін іздеуде қиындықтар сезілуде. Қажет болса, су таситын көліктермен қосымша су жеткіземіз. Өйткені ағаш басындағы жалынды мейлінше тежеу үшін тікұшақтарды уақтылы сумен қамтамасыз ету керек. Осылайша санаулы күндердің ішінде өртті толықтай ауыздықтау жоспарланып отыр», - деді министр.