10 ақп, 2023 сағат 11:35

Ыстанбұлдағы қазақтар зардап шеккендерге 160 мың доллар көмек жинады


Ыстанбұлдағы қазақтар жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек жолдап жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы, еліміздің белсенді азаматтары, студенттер және жергілікті қазақ диаспорасы Түркияның алапат зілзала салдарынан зардап шеккен аймақтарына гуманитарлық көмек жолдау бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр.

Осы уақытқа дейін сомасы шамамен 160 мың АҚШ долларын құрайтын көмек жиналып, жөнелтілді. Атап айтқанда, балалар тағамдары, балалар киімдері, жөргектер, азық-түлік, жылы киімдер, көрпелер және т.б. қажетті өнімдер жолданып жатыр. Гуманитарлық көмек түрік билік органдарының келісімімен жасалуда" - делінген хабарламада.

Бас консул Әлім Байел бүкіл Қазақстан халқы жұмылып, бауырлас Түркияға қолдау көрсетіп жатқан сәтте бұл көмекке өз үлесін қосқан Ыстанбұлдағы қазақтарға алғыс айтты.