25 сәу, 2022 сағат 19:36

WSJ: АҚШ қауіпсіздік кеңесі Путиннің "әйелі" Кабаеваға санкция салуға шектеу қойған


АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесі көркем гимнастикадан олимпиада чемпионы Алина Кабаеваға санкция салуға шектеу қойған. Америкалық шенеуніктер егер Кабаеваға санкция салынса, Путинді ашуландырып алуымыз мүмкін деп қауіптенген. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеме жасаған америкалық Wall Street Journal газеті жазды, деп хабарлайды Азаттық.

Кейбір ақпараттарда 39 жастағы Кабаева Путиннің қазіргі "әйелі" екені айтылады. БАҚ беттерінде Путин мен Кабаеваның кемі үш баласы бары да бірнеше рет жазылған. Санкция салынатындар тізімін дайындаған АҚШ қаржы министрлігінің қызметкері WSJ басылымына "америкалық жоғарғы шенділер Кабаеваға санкция салынса, Путин агрессивті түрде жауап беруі мүмкін деп санайды" деген.

АҚШ бұған дейін Путиннің екі қызы Катерина Тихонова мен Мария Воронцоваға санкция салған. Ресей президентінің екі қызы ғылым саласындағы мемлекеттік және жартылай мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейді. Bloomberg сайты Путиннің қыздарына санкция қатты әсер етпеуі мүмкін, себебі олардың шетелде активтері бар-жоғы белгісіз деп жазды.

Кремль Путиннің балаларына қатысты ештеңе айтпаған. Путиннің қызы болуы мүмкін 18 жастағы Елизавета Кривоногихтің шешесі Светлана Кривоногих те санкцияға ілінгендер тізімінде жоқ.