Жаппай тәртіпсіздік және лаңкестік актілері бойынша 181 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бас пркуратура қаңтар оқиғалары кезеңінде жасалған қылмыстардың тергелуін және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жұмыстарын жалғастыруда. Барлығы 3 096 сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тіркелді. Негізінде олар меншікке қарсы, бұзақылық және қаруды жымқыру қылмыстары. Арнайы прокурорлардың басқаруымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздік және лаңкестік актілері бойынша 181 қылмыстық істі тергеп жатыр», - деді Е. Қилымжанов.
Оның айтуынша, қылмыстық кодекс бойынша жаппай тәртіпсіздіктер азаматтарға күш қолданумен, бизнес нысандарын және жеке мүлікті қиратумен, билік өкіліне қарулы қарсылық көрсетуге ұласады.
«Алайда жекелеген адамдардың әрекеті халық арасында үрей мен қоқынышты туғызуды және мемлекеттік органдардың қызметін тоқтатуды мақсат етті. Сол үшін олар мемлекеттік биліктің символы ретінде әкімдік ғимараттарына, сондай-ақ тәртіп күштері нысандарына шабуыл жасап, оған тосқауыл қойды. Сондықтан осындай іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің 255-бабына сәйкес, терроризм актілері ретінде сараланады», - деді Елдос Қилымжанов.
Құқық қорғау органдарының ғимаратын басып алудың негізгі мақсаты – атыс қаруын иемдену. Атап айтқанда, Алматы облысында полиция департаменті ғимаратынан 53 автомат, 367 тапанша, 1 гранатамет, сондай-ақ 23 мыңнан астам патрон ұрланған, - деді ол.