Вакцина алған адамдардың 0,4 пайызында болуы мүмкін реакциялар тіркелді. Бұл туралы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми- практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Вакцинаның бірінші компонентін салдырған созылмалы ауруы бар адамдар саны 32 314-ке жетті. Вакциналаудың толық курсын (екінші компонентін) алған осы санаттағы созылмалы ауруы бар адамдардың саны 8 397-ні құрады», - деді Смағұл Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, 60 жастан асқан адамдардың арасында иммундау курсын 121 мыңнан астам адам бастады және оның толық компонентін 8 мыңы аяқтады.
«Қазіргі кезде иммундаудан кейін күрделі қолайсыз белгілер тіркелмеді. Сонымен бірге, вакцина алған адамдардың 0,4 пайызында болуы мүмкін реакциялар тіркелді, яғни температура, екпе жасаған жердің қызаруы мен ауырсынуы секілді жалпы белгілер байқалды», - деді Манар Смағұл.