Вакциналауға қатысты Мемлекет басшысының тапсырамалары орындалады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сіз басқарып отырған ведомствоның жұмысын сынға алды. Осы орайда қандай кемшіліктер болғанын атап өте аласыз ба?», - деп сұрады тілші Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Өз кезегінде Алексей Цой Мемлекет басшысы негізгі екпінді вакциналау мерзіміне қатысты қойғанын айтты.
«Әрине, ел ішіне вакцинаны жеткізу үшін барынша күш-жігерімізді салып отырмыз. Осы орайда нарықта барша вакциналар қолжетімсіз болып тұрғанын тағы бір мәрте атап өткім келеді. Қазір осы вакциналар еркін саудаға шығарылмаған. Біздің мақсатымыз – бұл вакциналардың жеткізілуін барынша жылдамдату үшін кез келген ресурстарды табу. Бұл жеткізімдер бойынша проблемалар бар, алайда ақпан айынан бастап Қазақстанда бар көлеммен вакциналауды бастадық», - деді министр.
Осы орайда ол вакцина салдырудың нұсқаулықтары өте дұрыс жасалғанын, яғни қажетті жұмыстар кезең-кезеңмен атқарылып жатқанын айтты.
«Қазір халықтың сенімі артып, екпе жасатуға ниетті адамдар көбейді. Әрине, вакцинаның нарыққа еркін шығарылмауы тек Қазақстан үшін ғана емес, сонымен қатар біздің көршілес елдер үшін де проблема болып тұр. Біз барынша жылдамдатып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындайтын боламыз», - деді Цой.