26 мау, 2021 сағат 12:27

Үстемеақы беру үшін медицина қызметкерлерінен пара алғандар әшкереленді


Алматы облысында Еңбекшіқазақ көпсалалы ауруханасының басшысы, екі орынбасары және екі мейірбике 25 медицина қызметкерінен 3,1 млн теңге пара алған. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ көпсалалы ауруханасының басшысы, екі орынбасары және екі мейірбике коронавирусқа қарсы күрес аясында эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізуге рұқсат беруді қамтамасыз еткені үшін қарамағындағы 25 медицина қызметкерінен жүйелі түрде жалпы сомасы 3,1 млн теңгеге пара алған», - делінген агенттік ақпаратында. 

Яғни медицина қызметкерлері пандемия кезінде еңбекақыға үстемақы алу үшін пара беріп келген. 

«Пара сомасы әрқайсысынан 100 мыңнан 150 мың теңгеге дейінгі аралықты қамтиды. 

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды», - деп нақтылады ведомстводан. 

Атап өтілгендей, медицина мамандарына үстемеақы төлеуге қатысты анықталған бұл жалғыз заң бұзушылық емес. 

«Тәуекел тобына жатпайтын адамдарға үстемақы есептеу, қызметкерлерді неғұрлым жоғары тәуекел тобына жатқызу, жұмыс істеген сағаттарды тіркеу және басшылардың қол астындағылардан қамқорлығы үшін ақы алу фактілері анықталды. 

Ағымдағы жылы үстемеақы алу үшін ковидтік карточкаларға қол қоюға жоғары тұрған бастықтарға беру сылтауымен пара алу схемасын ұйымдастырған Қостанай облысында Қамысты жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясының фельдшері анықталды. 

Фельдшерлер 103 пультіне жалған қоңыраулар шалып, науқастарға бару туралы жалған есептер шығарғаны анықталды. 

Мұның бәрі медицина қызметкерлері мен жүргізушілерге қосымша төлемдер алуға мүмкіндік берді, ол қаражаттың бір бөлігі қолма-қол ақшамен және банк картасына аудару арқылы фельдшерлерге берілген», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен. 

Жалпы, 2020 жылы 7 өңірде денсаулық ұйымдарының лауазымды тұлғалары тарапынан медициналық жәрдемақыларды төлеу кезінде заңсыз іс-әрекет фактілері анықталды, залал сомасы 60 млн теңгені құрайды. 

Агенттік осы бағыттағы тексерулерді жалғастыра бермек.