Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен "Еуроодақ Украинаны әрі қарай да қолдай береді және Ресей президенті Владимир Путинді әскери басқыншылығы үшін "жоғары құн" төлеуге мәжбүрлейді" деді.
Осы апта соңында Украинаға келген Урсула фон дер Ляйен сапарын ондаған бейбіт тұрғын қырылған Буча қаласынан бастады. Ол - қанды қырғын орнына барған Еуроодақтың алғашқы жоғары лауазымды тұлғасы.
Өткен аптаның соңында Ресей әскері кеткеннен кейін Буча қаласынан ондаған адамның мәйіті табылып, халықаралық қауымдастық әскери қылмысты қатаң айыптаған.
Қаланы аралап, бауырластар зиратына барған фон дер Ляйен құрбандарды еске алып, шіркеуде майшам жақты.
Фон дер Ляйен сапарын Бучадан бастау өте маңызды екенін, себебі мұнда адамдыққа нұқсан келгенін, сондай-ақ кінәлілер қылмысы үшін жауапқа тартылатынын атап өтті. "Бұл - біздің ортақ күресіміз" деді Еурокомиссия жетекшісі.
Бұдан соң ол Украина президенті Владимир Зеленскиймен брифинг өткізіп, Киевтің Еуроодаққа қосылу туралы өтінішін тезірек қарауға уәде берді. Ол Зеленскийге одаққа ену процесін бастау бойынша сұрақтар жинағын тапсырды.