25 қаң, 2022 сағат 21:11

Ұрланған қаруды өз еріктерімен тапсырғандар жазадан босатылады – Бас прокуратура


Тәртіпсіздік кезінде ұрланған қаруды өз еріктерімен тапсырған адамдарға қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Құқық қорғау органдары қылмыстық істерді тергеумен қатар, ұрланған қаруды іздеу және оларды тәркілеу жұмыстарын жалғастыруда. Ішкі істер министрлігінің өкілі айтқандай, қаруларды өз еркімен тапсыру мүмкіндігі бар. Өз кезегінде Бас прокуратура заңсыз сақталған қаруларды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды өз еріктерімен тапсырған адамдарға қылмыстық жауаптылықтан босату кепілін береді», - деді Елдос Қилымжанов. 

Оның айтуынша, қаруды өз еркімен тапсырғандардың әрекеттерінде басқа да қылмыс құрамы болмауы керек. 

«Сонымен қатар азаматтардың назарына айта кететін жәйт, адам қарумен жүріп, құқық қорғау органдарына ұсталса, ондай жағдай өз еркімен қаруды тапсыру деп танылмайды. Ішкі істер органдарына заңсыз айналымнан атыс қаруларын алу бойынша жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шараларды жандандыру туралы тапсырма берілді», - деді Бас прокуратураның өкілі.