Фото: Freepik
Университет оқытушыларының жалақысы көтерілуі мүмкін. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің басшысы Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Ол комитет депутаттары республикалық бюджет жобасына ЖОО оқытушыларының жалақысын көтеруге қатысты түзету енгізгенін атап өтті.
"Әлеуметтік-мәдени даму комитеті университет оқытушыларының жалақысын көтеру бойынша республикалық бюджеттің жобасына арнайы түзетулерді ұсынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЖОО-лардың профессор оқытушылық құрамының жалақысын көтеру бойынша Үкіметке бірнеше рет тапсырма беріп еді.
Оқытушылардың жалақысын арттыру үшін бюджеттен әр грантқа бөлінетін қаражат көлемін көбейту керек.
Сондықтан түзетулерімізге байланысты Комитет депутаттары магистратурада оқу бойынша бюджеттен университеттерге төленетін гранттың құнын еселеп көбейтуді, ал бакалавриаттың соммасын тиісті пайызға өсіру бойынша қаражат бөлу туралы нақты ұсынысты заң жобасына берген", - деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Оның сөзінше, аталған шешімдер бойынша соңғы нүкте Мәжілістің жалпы отырысында қойылады. Сондай-ақ бұл қадамдар оқытушылардың жалақысын 40% дейін көтеруге мүмкіндік береді.