19 жел, 2020 сағат 17:16

Үміткерлер ауыл тұрғындарымен кездесті

Бүгін Меркі ауданына жұмыс сапарымен облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Д.Ермеков келіп, «Есіктен есікке» акциясы аясында Жамбыл ауылдық округі мен Андас батыр ауылдық округтері тұрғындарымен кездесті.

Кездесуге Меркі ауданынан «Nur Otan» партиясы атынан облыстық мәслихат депутатығына кандидаттар Е.Дүйсенқұл, Р.Ракаева және Б.Хасанбаевтар  да  қатысты.

Алғашқы кездесу Жамбыл ауылдық округінің Жеміс-жидек ауылының тұрғыны, зейнеткер  Оңғарбаев Қарашәй атаның үйінде өтті.  Кандидаттар партияның соңғы жылдары халық үшін жасаған жақсылықтарын айта келе, оның алдағы бағыттарына тоқталды. «Біз біргеміз» ұранымен партияға дауыс беруге шақырды.

Бұдан соң  осы ауылдың тұрғыны Қадырқұлов Әшімбек атаның үйінде болып, кандидаттар өздерін таныстырып, аудан аумағында  атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндады.

Мәселен, Е.Дүйсенқұл  биылғы жылы жастарға жасалған мемлекеттік қолдауларға тоқталды. Ауданда былтыр 510  азамат қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашса, биыл 895  азаматқа 550 мың теңге қайтарымсыз грант берілді. Сонымен қатар, жеңілдетілген пайызбен берілетін несие,  бес миллионға дейін қайтарымсыз кәсіп ашып, шаруасын бастауға берілетін гранттар туралы  толығымен түсіндіріп өтті.

«Есіктен есікке» акциясы аясында Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны зейнеткер, ауданға еңбегі сіңген құрметті азамат Сулейманов Шамшудин атаның үйіне барып, әңгіме дүкен құрды. Ол өзінің отбасымен Қаақстанға 29  жыл бұрын көшіп келіп, сол кезде оның туыстары Меркіде орналасып, 14 отбасы болып келген болса, бүгінгі таңда өсіп, өніп  169 отбасыдан асқанын тілге тиек етті. Бұл жолы Б.Хасанбаев аудандағы этно-мәдени  орталықтарының жұмысы, жалпы оларға жасалып жатқан жағдайлар туралы баяндады. Келесі жылы этно мәдени орталықтарына арнайы ғимарат беріліп, «Достық» үйі бой түзейтіні туралы сөз қозғады.

Жұмысшы топ Жамбыл ауылдық округі тұрғындарымен кездесуден соң, Андас батыр ауылдық округінің Гранитогор ауылы тұрғындарымен кездесті. Мұнда да партияның алға қойған мақсаты Халықтың әлеуметтік жағдайын түзеу, ол үшін көптеген қаржы бөлінгені туралы айтылып, тұрғындар тарапынан қолдауға ие болды. Сөз ретінде айтқан уәделерін орындап, қаңтар айында болатын сайлауға қатысуға шақырды.

«Nur Otan» партиясы Жамбыл облысы, Меркі аудандық Сайлау қорының қаражатынан төленді.