Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон 23 наурызда Украинаға 6 мыңнан астам зымыран жіберетінін, оған қоса 33 млн доллар көлемінде қаржылай көмек көрсететінін мәлімдеді.
НАТО мен "Үлкен жетіліктің" Брюссельдегі саммиті қарсаңында Джонсон Украинаға жіберетін зымырандардың арасында танк шабуылдарына төтеп беретін және бомбалайтын зымырандар барын айтты.
"Ұлыбритания одақтастарымен бірге Украинаның қорғанысын нығайтып, әскери және экономикалық тұрғыда қолдау мәселесін қарастырады. Ресей Украина қалалары мен елді мекендерін қиратып жатқанда қол қусырып отыра алмаймыз" деп жазылған мәлімдемеде.
Премьер-министр кеңсесінің мәліметіне қарағанда, Джонсон Брюссельдегі саммитте одақтастарын Мәскеу әрекетіне ширақ жауап беруге үндейді.