26 сәу, 2021 сағат 13:17

Ұлттық ұлан митингіге шыққандарды қандай жағдайда ұстайды?


Ұлттық ұланның жауынгерлері митингіге қатысушыларды қандай жағдайда ұстауға құқылы? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай сауал қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл сұраққа Ұлттық ұлан әскери кеңесінің хатшысы Савердин Имиров жауап берді.

«Егер патрульдеу бағытында қоғамдық тәртіп бұзылған болса, онда әрине, біздің әскери қызметшілер заң бұзушыларды заң талаптары бойынша ұстайды және полицияға тапсырады», - деп түсіндірді Савердин Имиров.

Әскери кеңес хатшысы мұндай жағдайда әскери қызметшілер өз бетінше шешім қабылдай алатынын ескертті.

«Әрине, олар өздерінің қызмет атқару бағыты бойынша жауап береді. Егер азаматтар бұзақылық әрекеттерге жол берсе, азаматтарға қауіп төндіретін қандай да бір әкімшілік бұзушылықтарға барса немесе мас күйінде қандай да бір заңсыздықтарға жол берсе, азаматтардың мазасын алса, оларды ұстайды. Бейбіт азаматтардың қауіпсіздік құқығы бар және көшеде алаңсыз жүруіне жағдай жасалуы керек» - деді Савердин Имиров.

Ол, сондай-ақ, Ұлттық ұланның қызметін әскери прокурорлар қадағалайтынын атап өтті. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері заң бұзу фактісі тіркелсе, аталмыш орган тиісті шаралар қабылдайтыны да айтылды.