Қазақстанда ұлттық спорт білім беру бағдарламасына енгізу қолға алынбақ. Бұл туралы бүгін Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комисссия отырысында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыста вице-министр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының тұжырымдамасын таныстырған болатын. Аталған құжатта білім беру ұйымдарында дене шынықтыру мен спортты дамыту бағыттарының бірі ретінде білім беру бағдарламаларына ұлттық спорт түрлерін енгізу көзделеді. Бұл өз кезегінде ұлттық спорт түрлерінің танымалдығын арттырып, жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін күшейтеді. Дене шынықтыру және спортпен айналысушылар санының артуына септігін тигізеді.
«Оқушылар арасында дене шынықтыру және спорттың танымалдығын арттыру үшін спорттық шаралардың санын арттыру қажет. Ал ауылдық елді мекен тұрғындарын дене шынықтыру және спортқа ынталандыру үшін негізінен оқу орындарында шоғарландырылған спорт инфрақұрылымын пайдаланған жөн. Ағымдағы жағдайды талдау, сонымен қатар балалар, жасөспірімдер және жастар денсаулығын нығайту бойынша негізді басқарушылық шешім қабылдау үшін физикалық дайындық пен физикалық даму мониторингін жүргізу қажет. Дене шынықтыру және спортпен айналысатын халықтың денсаулығын нығайту, қолдау және қалпына келтіру үшін дәрігерлік-дене шынықтыру диспаенсерлік жұмыстарды нығайту керек», - деді Елдос Рамазанов.