2021 жылғы Ұлттық санағының алдында маусым айында Қазақстанның барлық елді мекендерінде дайындық кезеңі жүргізіледі. Бұл туралыҰлттық статистика бюросы хабарлады.
1-30 маусым аралығында интервьюерлер (тіркеушілер) әрбір елді мекен бойынша тұрғын жайлар, тұрғын үйлер (тұрғын жай ғимараттары) және тұрғын үй ретінде пайдаланылатын тұрғын емес орындардың барлығын аралап, олардың тізімін және тұрақты тұратын тұрғындардың санын нақтылайтын болады.
Мұндай тізімдер қалалық және ауылдық елді мекендердің аумақтарын нұсқаушылық және есеп учаскелеріне дұрыс бөлу және тұрғын санын екінші кезең санағына, яғни аудандастыру үшін санақ қызметкеріне жүктеме көлеміне сәйкес біркелкі бөлу үшін қажет. Сондай- ақ, бұл санақ кезінде тұрғындар есебін толықтай қамтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта уақытша санақ қызметкерлерін тарту және оқыту жөніндегі жұмыстар аяқталуда, мұнда 1 кезең интервьюерлері мен 1 кезең нұсқаушы-интервьюерлері тартылатын болады. 1-кезең үшін барлығы 5 405 интервьюер және 773 нұсқаушы- бақылаушы алынады.
Нысандарды аралау кезінде интервьюерлер өздерін таныстырып, тегін айтулары және санақ интервьюерінің куәлігін көрсетуі керек; өзінің келуінің мақсатын нақты және қысқаша түсіндіріп, сол үй-жайда тұрақты (әдетте) тұратындардың мекен-жайларын және санын сұрауы қажет.
2021 жылдың ұлттық санағының негізгі кезеңі 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі аралықта өтеді. Оған онлайн режимінде де, сондай-ақ дәстүрлі тәсілмен де қатысуға болады.