CC0 / valelopardo /
Қаржы министрлігі 18 жасқа дейінгі балалардың шотына Ұлттық қордың инвестициялық табысынан жиналатын ақшаны ауыр сырқатты емдеуге жұмсау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сенатта өткен брифингте журналистер "Ұлттық қордың ақшасын ауыр сырқатқа шалдыққан балалардың еміне жұмсауға рұқсат беру мәселесі қарастырыла ма" деп сұрады.
"Біз сарапшылармен кездестік. Олардың да ақшаны басқа мақсаттарға жұмсау мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстары болды. Біз ол мүмкіндікті қарастырып жатырмыз", - деп жауап берді Темірбеков.
Айтуынша, қазіргі заңнамалық түзетулер бұл мәселені реттемейді. Ақшаның түрлі мақсаттарға жұмсалуы нормативтік-құқықтық актілерде қаралады.
"Ұлттық қор – балаларға" жобасы бойынша 18 жасқа толғаннан кейін арнайы шоттағы ақша баланың меншігінде болады. Қаражатты қалай жұмсау керектігін ол өзі шешеді. Бұл ретте Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-нан жиналған ақшаны тек білімге және баспана сатып алуға пайдалануға болады.
Қаржының мақсатты жұмсалатынын растау үшін өкілетті органдарға білім қызметін алу немесе тұрғын үй сатып алу туралы келісімшарт ұсыну көзделіп отыр. Қаражатты шетелдік жоғары оқу орнында білім алу үшін де пайдалануға болады.
Ал баспананы тек Қазақстан аумағынан ғана сатып алуға рұқсат етіледі. Осы қаржыға сатып алынған үйді қайта сатуға шектеу қойылмайды.
Айта кетері, "Ұлттық қор – балаларға" жобасы келесі жылы басталады.