13 мау, 2019 сағат 12:37

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жаңғырудың тың өзегіне де айналады - Мәулен Әшімбаев

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы елімізде азаматтық қоғамды дамыту жолында жасалған нақты қадам. Бұл туралы Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«9 маусымда өткен президенттік сайлауда қазақстандықтардың басым бөлігі өз дауыстарын Қасым-Жомарт Тоқаевқа беріп, Елбасымыздың стратегиялық саясатының сабақтастығы мен еліміздің тұрақты дамуын таңдады. 12 маусымда Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына ант беріп, ресми түрде қызметіне кірісті.  Соның нәтижесінде, Қазақстанда жоғары биліктің ауысуы еліміздің барлық заңына сәйкес жүргізілді, бұл Қазақстанның ішкі тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі фактор деп қабылдаймыз. Кеше Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде билік пен қоғамның алдында тұрған ең негізгі мақсаттарға тоқталып өтті. Олардың жүзеге асырылуы халықтың әл-ауқатын әрі қарай арттырып, экономикалық және саяси жүйеміздің дамуына тың серпін беретіні сөзсіз. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев билік пен азаматтық қоғамның арасындағы диалогты әрі қарай дамыту керектігіне де ерекше назар аударды», - деді М. Әшімбаев.

Бұл тұрғыда «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары жаңадан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне қатысты пікір білдірді. 

«Президент Жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Бұл елімізде азаматтық қоғамды дамыту жолында жасалған нақты қадам. Мемлекет басшысы атап өткендей, біртұтас ел болып қалу - біздің басты бағдарымыз. Жұдырықтай жұмылып, қоғамның барлық өкілдерін, соның ішінде жастарды да диалогқа шақырып, бірігіп әрекет етсек қана көздеген мақсаттарымызға қол жеткізетініміз анық. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі азаматтық қоғамның дамуына тың беріп қана қоймай, жаңғыру мен реформалардың тың өзегіне де айналады деп ойлаймыз. Миллиондаған қазақстандықтардың пікір мен көзқарасын білдіретін демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы осындай маңызды кезеңде Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, Президентіміздің еліміздің алдына қойып отырған мақсаттарына жетуімізге өзінің лайықты үлесін қосады деп сенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев коалиция отырысында.

Атап айтқанда, бүгінгі отырыс барысында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы президенттік сайлаудың нәтижелерін қолдады.