27 сәу, 2021 сағат 13:47

Ұлтаралық алауыздық тудыратын видео авторы қазақ тілінде кешірім сұрады


Әлеуметтік желілерде қазақ ұлты тарапына балағат сөздер айтып, видео жазған өзге ұлт өкілі ұсталды. Ол өз кінәсін мойындап, барша қазақ жұртынан кешірім сұрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әлеуметтік желілерде Жезқазған қаласының түрғыны ұлтаралық алауыздық тудыратын видео жазғаны туралы мәлімет тараған болатын. Facebook-пайдаланушыларының бірі аталмыш видеоны өз парақшасында орналастырған. Пост астына пікір қалдырғандар оны жауапкершілікке тартуды сұраған. 

Өз кезегінде полиция қызметкерлері дерек бойынша мәлімет берді. 

«26 сәуір күні полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жасау барысында, ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабында көрсетілген «ұлттық алауыздықты қоздыру» белгілері бар белгісіз азаматтың бейнеүндеуін анықтады», - деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен. 

Полиция қызметкерлері бейнежазбаның авторы Жезқазған қаласының 27 жастағы тұрғынын анықтап, ұстағанын хабарлады. Ол барша қазақ жұртынан жасаған әрекеті үшін кешірім сұрап, видео жазды. 

«Саламатсыздар ма!» деп қазақ тілінде амандасқан тұрғын, бұл әрекетке ойланбастан барғанын айтып, шын жүректен кешірім сұрайтынын жеткізді. «Менің қазақ достарым бар, біз бір-бірімізді құрметтейміз, арамызда түсініспеушілік жоқ», - деген ол, «Кешірім сұраймын!», - деп сөзін тағы да қазақ тілінде аяқтады. 

Айта кетейік, қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды.