18 нау, 2022 сағат 13:36

ҰҚТ Қазақстанда 10 порностудия ашқан: 11 адам ұсталды

Фото:polisia.kz

Шымкент полицейлері 10-нан астам веб-порностудияны анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Шымкент полицейлері интернет арқылы порнографиялық қызмет ұсынған қылмыстық топты құрықтады. Бұл туралы Полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Бейсенбаев мәлімдеді.

"Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында былтыр шілдеде жедел қызметкерлер онлайн хабар тарататын порностудияны анықтады. Біз бұл ақпаратқа қызығушылық танытып, жарты жыл ішінде барлық қажетті іздеу шараларын жүргіздік. Нәтижесінде, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының тұрғындарын анықтадық, оның ішінде Қырғызстаннан 5 және Қазақстаннан 5 азамат бар. Оларды үш мегаполисте жалдамалы пәтерлерінде ұстадық", - деді Арман Бейсенбаев.

Фото: polisia.kz

Қазіргі уақытта сот шешімі бойынша, барлығы 11 адам қамауға алынды. Олардан шамамен 44 мың АҚШ доллары, екі қымбат Toyota Camry 70 және бір Lexus GX 460 көлігі тәркіленген.

"Іс ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы "Ұйымдасқан қылмыстық топты ұйымдастыру және оған басшылық ету" және "Кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды дайындау және тарату немесе оларды порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына қатысуға тарту" бойынша тіркелді. Бұл қылмыстық топты ұйымдастырып, басқарған Қырғызстан азаматын тінту барысында одан және оның жерлестерінен есірткі заттарын тәркіледік. Ұйымдасқан қылмыстық топтың әрбір мүшесі өз міндетін атқарып отырған", - деді ол.

Қаладағы жалдамалы пәтерлерде арнайы жабдықталған 10-нан астам веб-порностудия анықталған.

"Онда 50-ге жуық қыз жұмыс істеген, оның ішінде кәмелет жасқа толмаған екі жасөспірім бар. Сондай-ақ, олардың көпшілігі есірткі пайдаланады. Аталған веб-порностудияның аудиториясында негізінен, шетел азаматтары болған және қызмет ақысын шетел валютасымен төлеген. Қазақстанда нақты уақыт режимінде жұмыс істеген порностудия алғаш рет анықталғанын атап өткім келеді. Бүгінде бұл ұйымдасқан қылмыстық топтың трансұлттық сипатқа ие болуы мүмкіндігін жоққа шығармаймыз. Қазір соталды тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр", - деп қорытындылады Бейсенбаев.