17 сәу, 2022 сағат 17:22

Украинаға АҚШ жіберген қару-жарақ келе бастады


Вашингтонның Киевке қауіпсіздігін нығайтуы үшін бөлген 800 млн долларлық көмегі аясында АҚШ жіберген қару-жарақ, оқ-дәрілер Украинаға келе бастады. Бұл жөнінде Америка үкіметіндегі дереккөзге сүйенген CNN телеарнасы хабарлады. 

Телеарнаның мәліметінше, АҚШ президенті Джо Байден Украинаға қосымша қару-жарақ пен оқ-дәрі жөнелтуді осы апта басында мақұлдаған. 

Вашингтон Киевке қуатты қару түрлерін беруге алғаш рет келісіп отыр. Бірнеше апта бұрын Байден әкімшілігіндегі кейбір шенеуніктер Ми-17 тікұшағының 11 данасы, 18 155-мм гаубица, 300 Switchblade дроны тәрізді қуатты қару түрлерін Киевке беру жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін деген қауіп айтқан. 

Жұма күні АҚШ қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды өкілі қару-жарақ пен жабдықтар тиелген алғашқы рейс аймаққа алдағы күндері жеткізіледі деп мәлімдеген. 

Украина президенті Владимир Зеленский сенбі күні Украина ақпарат құралдарына берген сұхбатында, АҚШ, Ұлыбритания, Польша және бірқатар мемлекеттер "қазіргі кезде украиналықтарға жақсы дем беріп жатыр" деді. 

"Бірақ қаласа, одан да күштірек қолдай алар еді" деді. Оның сөзінен "Украинская правда" сайты үзінді келтіреді.