04 мам, 2022 сағат 10:20

"Украина жеңеді". Борис Джонсон Киевке әскери көмек пакетін жариялады

© Reuters

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон сейсенбіде Украинаның Жоғарғы Радасында сөз сөйлеп, Киевке әскери көмектің жаңа пакетін жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Euronews сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, әңгіме жалпы құны 300 миллион фунт стерлинг болатын радарлар, ұшқышсыз ұшатын аппараттар мен шабуыл қарулары туралы болып отыр.

"Біз ұзақ мерзімді мақсатымызға жеткенше сіздердің басқа достарыңыз секілді Украинаны қару-жарақпен, қаражатпен және гуманитарлық көмекпен қамтамасыз етуді жалғастырамыз. Біз Украинаны сіздерге енді ешкім ешқашан шабуыл жасауға батылы бармайтындай етіп күшейтуіміз керек", - деді Джонсон.

Ұлыбритания премьер-министрі қазір Украина Ресейді жеңетініне сенімді екенін айтты. Оның пікірінше, шабуылды бастау арқылы Путин өлімге әкелетін қателік жасады және соның салдарынан өз елінің әлсіздігін көрсетті. Джонсон "агрессордың қатыгез күші бостандық таңдаған халыққа ештеңе істей алмайды" деп атап өтті.

"Украиналықтар өз табандылығымен, құрбандықтарымен өз тәуелсіздігі үшін күресіп жатқан халықты мылтық пен танк баса алмайтынын дәлелдеді, сондықтан мен Украина жеңетініне сенемін", - деп келтірді саясаткердің сөзін "Европейская правда".

"Украина ресейлік агрессияға қарсы тұра отырып, Путин жеңілмейтіні туралы мифті жойды", - деп қосты Ұлыбритания премьер-министрі.